30 Желтоқсан 16:15
...

Қазақ боксшылары IBA турниріне қатысты: министр түсініктеме берді

бокс
Фото: sportaran.com

Қазақстан Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) шығып, World Boxing ұйымына мүше болса да, жақында қазақ боксшылары IBA ұйымы Дубайда ұйымдастырған жарысқа қатысты.

Астана, NEGE. Бұл мәселе бойынша журналистердің бірі Үкіметте өткен брифингте туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа сұрақ қойды.

Министрдің айтуынша, IBA чемпионатына барлық мықты елдер өз құрамаларын ұсынған. Бұл жарыс коммерциялық форматта өткендіктен, Қазақстан да оған өз спортшыларын қатыстырған. 

«Дұрыс сұрақ. Бүгінгі күні IBA чемпионатына барлық мықты елдер өз командаларын ұсынды. Халықаралық Олимпиада комитеті мойындаған ұйым — World Boxing. Оған біздің даңқты спортшымыз Геннадий Головкин президент болып тағайындалды және осы бағытта бокстың халықаралық аренада дамуына, оның болашағына үлкен үлес қосып отыр. Ал IBA, білесіздер, коммерциялық ұйымға айналып бара жатыр. Бүгінде әлемнің мықты елдері өз өтінімдерін бергеннен кейін және бұл жарыс коммерциялық тұрғыдан қаралғандықтан, біз де спортшыларымызды ұсынып отырмыз», — деді министр.

Еске салайық, 4–13 желтоқсан аралығында Дубайда өткен IBA әлем чемпионатында ұлттық құрама 6 медаль жеңіп алды: үш алтын, бір күміс және екі қола. Жалпы медальдар есебі бойынша Қазақстан Ресейден кейін екінші орынға тұрақтады.