"Қазақ аруы-2024" байқауының жеңімпазын анықтау науқаны қайта өтеді
Бұл туралы жоба продюсері Баян Мақсатқызы Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Баян Мақсатқзының айтуынша, "Қазақ аруы-2024" байқауының жеңімпазын анықтау кезінде провайдерде ақау пайда болған. Сол себепті нәтиже дұрыс шықпаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ұйымдастырушылар 16 қараша күні дауыс беруді қайта бастамақ.
"Біздің провайдер өзіне жүктелген тапсырманы игермеді. Бұл біздің кінәміз емес. Telegram арна дауыс берушілердің ауқымын көтере алмаған. Шамамен 500 мыңдай адам таңдау жасамақ болған. Ол біздің байқаудың қаншалықты танымал екенін көрсетеді.
Сондықтан ұйымдастырушылар ретінде провайдердің қатесін түзетіп, ертеңгі эфир уақытында дауыс беруді қайта бастамақпыз. Ертең Алматы уақыты бойынша сағат 17:00-де 13 қараша күні өткен "Қазақ аруы" байқауы КТК телеарнасынан көрсетіледі. Барлығы қалай болды, солай көрермен назарына ұсынылады. Бірақ эфир уақытында біз қайта дауыс беруді бастаймыз.
Осылайша нақты "Қазақ аруы" кім екенін білеміз. Ертең екі жарым сағат бойы қазақстандықтар сайт арқылы дауыс бере алады. Қазір оны дайындап жатырмыз. Google-да ешқашан Telegram сияқты олқылық болмаған. Сол себепті аруларды сабырға шақырамын. Біз де бәрінің әділетті өткенін қалаймыз. Мен де сервердің тек 4 минут жұмыс істегенін әділетсіздік деп түсінемін. Барлық сілтеме эфир уақытында телеарнада және "Қазақ аруы" парақшасында көрсетіледі", -деді ол.
Өз сөзінде Баян Мақсатқызы 13 жыл бойы "Қазақ аруын" әділқазы алқасы таңдағанын, тек биыл ғана таңдау халыққа берілгенін алға тартты. Ал келесі жылы байқау жеңімпазын кім анықтайтыны әлі белгісіз.
"Бұл тарихта бірінші рет болып отырған жағдай. Сіздерде тағы да таңдауға мүмкіндік бар. Мүмкін бұл расымен Ақкербез шығар, мүмкін басқа ару болар. Біз сілтеменің 100 пайыз жұмыс істеуі үшін барымызды саламыз. Жеңімпазды эфир аяқталған соң анықтаймыз. Менің Instagram парақшамды бақылай жүріңіздер", - деді Баян Мақсатқызы.