22 Желтоқсан 14:13
...

«Қайсар» футбол клубының қарызы қашан төленеді?

«Қайсар» футбол клубы
Фото: «Қайсар» футбол клубы

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің экономикалық дамуына арналған брифингте «Қайсар» футбол клубының қарызы туралы айтты.

Астана, NEGE. БАҚ өкілдері «Қайсар» футбол клубының ойыншылары екі айдан бері жалақы алмағаны жөнінде ақпарат тарағанын айта келе, әкімнен клубтағы жалақы мәселесі қашан шешілетінін және қанша қарызы бар екенін сұрады.

Нұрлыбек Нәлібаев клубтың сенімгерлік басқаруға берілгенін, қазір қарыздарға қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Қайсар» футбол клубының қарызы – 2019-2020 жылдан бері келе жатқан қарыздар. Ол қарыздар жыл сайын  ретімен төленіп келе жатыр. Қазір "Қайсар" клубы сенімгерлік басқаруға берілді. Сол азаматқа барлық қарызды жабу жөнінде талап қойдық.

Ойыншылармен де үнемі кездесіп тұрамын. Олармен де ондай (қарыз туралы – ред.) әңгімелер болған жоқ. Өйткені кейбір қарыздар – әлі де тексеруді қажет ететін қарыздар. Оған қатысты қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. 

Оның барлығы жалақы қарызы емес. Жалақы қарызын түгелімен шешті деп те айтуға болады», – дейді ол.

Ол клубтың негізгі қарыздары шетелге барғандағы қарыздары екенін атап өтті. 

«Мысалы, жарыстарды ұйымдастыру барысында қонақүй қызметтері үшін белгілі бір компаниямен келісімшарт жасалған. Алайда сол компанияларға уақытында төлем жүргізілмеген. Енді ана компания міндетті түрде шетелдің қонақүйі болғасын төлейді ғой, бірақ ол жаққа қандай қаражат төледі, ал бізден қандай қаражат талап етіп отыр, артық талап етіп отыр ма, ол жерде сұрақтар көп», – дейді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Әкімнің айтуынша, қарыз көлемі толық анықталған жағдайда оны клубты сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер жауып бермек.