23 Ақпан 16:03

Қайрат Сатыбалдының тоқалы Мәскеудегі қымбат пәтерінен айырылды

Тоқалы
Фото: Коллаж NEGE

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына ғана емес, олардың төңірегіндегі адамдарға да тықыр таяғаны байқалады. Мәселен, былтыр қараша айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бір бейнеролик жариялаған болатын. Онда аталған ведомство «заңсыз жолмен табылған», мемлекетке қайтарылған активтерді жіпке тізіп көрсеткен еді.

Олардың арасында Мәскеудегі «Золотые ключи» атты элиталық тұрғын үй кешеніндегі №25 пәтер де бар. Екі қабатты апартаменттің ауданы 272 шаршы метр болса, бағасы – 1 млрд теңге. Соңғы уақытқа дейін бұл пәтер Қайрат Сатыбалдының бейресми әйеліне тиесілі болып келіпті. Оның аты жөні – Марсела Нұрсұлтан. Қалмақ жерінің тумасы. Нұрсұлтан деген тегінен бөлек, Александрова және Мартиросян деген басқа екі тегі болған көрінеді.

Марселаның Қайрат Сатыбалдының көп тоқалының бірі екені бұрыннан айтылып жүр. Сатыбалды оқшаулау орнына қамалып, сот үкімін күтіп жатқан кезде жақындарымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен сәті әлеуметтік желілерде тарағаны есте. Бейнежазбағы сол жақындарының арасында Марсела да болған.

Ресейдің мәлімет базасынан тарап кеткен ақпараттарға сүйене отырып, кейбір телеграм арналар бұл әйелдің кім екенін нақты анықтапты. Марсела Александрқызы «Нұрсұлтан» деген текті алмас бұрын Мартиросян болған екен. Оның алдынғы құжатында Александрова болып көрсетіліпті. Қалмақияның Городовиковск деп аталатын шағын қаласында 1987 жылы 26 қарашада туылған. Біраз уақыт Ставропольде тұрып, ақырында Мәскеуге көшіп келген.

Сатыбалды
Фото: телегрмам-канал «Выход к морю»

Марсела Александрова-Мартиросян-Нұрсүлтанның бір адам екенін анықтау қиынға түспеген. Тегін өзгертіп, ресейлік төлқұжатын ауыстырғаны туралы мәліметтерді айтпағанда, сақтандыру нөмірі, салық төлеуші нөмірі өзгермеген. Туған жері мен Мәскеуде тіркелген мекенжайы да сәйкес келіп тұр. 2019 жылы екі бірдей қымбат көлікті – Mercedes GLA 250 және Toyota Corollaны да Александрова — Мартиросян атына алған. Бір жылдан соң, Марселаның қолына «Нұрсұлтан» деп тегі өзгертілген толқұжат тиеді. Бұл екі көлік енді Марсела Нұрсұлтанның атына жазылады. Қазақ билігі тәркілеген қымбат пәтер 2019 жылы Марселаның атына тіркеліпті.

Ресейдің астанасы Мәскеудегі ең қымбат тұрғын үйлердің бірінен пәтер сатып алуға бұрын шаштараз болып істеген Марселаның шамасы келмейтіні анық. Ресейдің салық қызметінің ақпаратына қарағанда, оның жалақысы небәрі 50 мың рубль (240 мың теңге) болған.

2022 жылдың қыркүйек айында сот аса ірі көлемде жымқыру ісі бойынша Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыруға, дүние-мүлкін тәркілеуге және мемлекеттік қызметте 10 жылға дейін жұмыс істеуге тыйым салуға үкім шығарды. Сот барысында Сатыбалдының жәбірленуші тараптар – «Қазақтелеком» және «Көлік сервисі орталығы» компанияларына келтірген зиянның өтемі ретінде ондаған миллиард теңге төлегені анықталды. Тараптар медиативті келісім жасады.

Қазір оның үстінен тағы да бір қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Әңгіме қылмыстық жолмен табылған табысты жылыстату туралы болып отыр. Кінәсі анықталса, тағы да жеті жылға бас бостандығынан айырылуы ғажап емес.

Бір анығы – активтерді номиналды меншік иелеріне жазу, Марселаға Мәскеуден пәтер әпергеніндей, жақындарына қымбат сыйлықтар тарту ету амалдары Сатыбалдының өз дүние-мүлкін сақтап қалуына ешқандай кепіл бола алмағаны. Қаңтар айының басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Сатыбалдыдан құны 650 млрд теңге болатын мүлікті тәркілегені туралы есеп берген болатын. Оның ішінде жылжымайтын мүліктер, салымдар, инвестиция және қымбат заттар да бар.