3 Сәуір 18:18
...

Қайрат Сатыбалдының тағы үш әйелі шетелдегі мүлкінен айырылды

Тоқалдар
Фото: Коллаж NEGE

Дүние – қолдың кірі. Қаңтар оқиғасынан кейін отыз жыл жалғанды жалпағынан басып келген Назарбаевтар әулетінің басынан бақ тая бастады. Бірі істі болып, бірі шетелде бой тасалауға мәжбүр болды.

Бір қызығы, бұл әулет еркектерінің кейбірінің өз гаремдері бар екені жөнінде аңыз көп. Әйтеуір, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің деректерінше, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бір емес, төрт бірдей нақсүйері бар екені анықталып отыр. Бұл туралы « Выход к морю» атты телеграм арналарының бірі жазды.

Бұл мемлекеттік орган шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару мақсатында Қайрат Сатыбалдының артынан шам алып түскені байқалады. Тіпті, оның атындағы дүние-мүліктерді ғана емес, әйелдерінің атына тіркелген Мәскеудегі, Франциядағы және Дубайдағы элиталық пәтерлер мен үйлері де тәркіленгені анықталып жатыр.

Қаңтар
Фото: Телеграм канал «Выход к морю»

Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген дүние-мүліктердің тізімінде жылжымайтын мүліктер, көліктер, банк салымдары мен құнды қағаздар да бар. Қайрат қана емес, Жерорта теңізінің саф ауасымен демалып, Дубайда күнге қыздырынуды ұнататын ерке тоқалдары да үйсіз қалатын түрі бар.

Мәселен, Сатыбалдының ең жас әйелі Марсела Нұрсұлтанның Мәскеу қаласындағы «Золотые ключи» элиталық тұрғын үй кешеніндегі құны 1 млрд теңге болатын керемет апартаментінен айрылғаны бұған дейін айтылған еді. Марселаның Қалмақияда туылғаны және мамандығы шаштараз екені де мәлім. Оның атына тіркелген пәтер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жариялаған жылжымайтын мүліктердің тізіміне кірді.

Енді Марселадан өзге үш әйелі де шетелдегі теңіз жағасындағы үйлерінен айырылған тәрізді. Аталған орган жария еткен роликте Францияның оңтүстігінде Антиб шығанағындағы бір үй көрсетілген. Енді осы үйдің жай-жапсары, қалай сатып алынғаны, кімдерге тиесілі екенін белгілі болып отыр. Бұл ғимарат Parc du Cap’s элиталық тұрғын үй кешені деп аталады. Жемқорлыққа қарсы органның мәліметінше, сол Parc du Cap’s-тегі Сатыбалдының жылжымайтын мүлігі де тәркіленіп отыр. Құны €8,5 млн немесе 4,2 млрд теңге тұрады.

Айтса айтқандай-ақ, бұл керемет кешен екен. Іргесінде Мишлен ресторандары, ғажайып жағажай және Франциядағы ең үлкен яхта тұрақтарының бірі тұр. Кешен ең сенімді күзет жүйесімен жабдықталған. Жерасты паркингі, тренажер залы, спа орталығы, сауна, бассейні бар. Терезелерінен теңіз айлағы көздің жауын алып, мен мұндалап шақырып тұрады.

Тоқалдары
Коллаж NEGE

Сонда, бұл үй кімнің ақшасына, қалай сатып алынған? Бұған аз кем тоқтала кетейік. Францияның көршілес ел Монакода Parc du Cap’s-тен автокөлікпен бір сағатта жетуге болатын бір бизнес орталығы бар. 2017 жылы 22 желтоқсанда ол жерден KS Propriete, SK Propriete, AB Propriete және GK Propriete атты төрт бірдей компания ашылыпты. Осы компаниялар аталған тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтер сатып алған. Қазір мұндай апартаменттер сатылымда жоқ екен. Бірақ осы кешеннің сайтынан пәтерлердің қымбат материалдармен әрленгенін, заманауи климатты басқару жүйелерінің қойылғанын, террассаларын көруге болады.

«Монакода ашылған компаниялардың алғашқы әріптерінен иелерінің аты-жөнінің бірінші әріптерінен құралғанын байқауға болады. Олар – Қайрат Сатыбалды, Саида Қанатбекқызы, Әсел Бахтиярқызы және Гүлмира Қауасқызы. Соңғы үшеуі – Қайраттың әйелдері», – деп жазады телеграм арнасы.

Сатыбалды тегін алған Гүлмира – некесі ресми түрде қиылған бәйбішесі. Ал Саида мен Әсел Қайратпен отбасылық шаруаны ғана емес, әртүрлі бизнесті де бірлесіп жасапты. Дубайдағы жылжымайтын мүлік те соларға тиесілі болып шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ақпарына қарағанда, БАӘ-дегі үй де тәркіленген.

Еске сала кетсек, Қайрат Сатыбалдының үстінен кезекті сот отырысы жалғасып жатыр. Ол 2022 жылдың қыркүйегінің аяғында алты жалға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол кезде «Қазақтелекомға» материалдық шығын келтірді және ұрлық жасады» деп айыпталған. Бұл телекоммуникациялық оператордың ірі акциялар пакеті Қайрат Сатыбалдыға тиесілі еді. Оның үстінен қозғалған «қылмыстық істе қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырғаны» үшін айып тағылған. Осы бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ғажап емес. Десе де, үкім жеңіл болу әбден мүмкін. Өйткені, Сатыбалды тергеушілермен мәмілеге келіп, өз кінәсін толық мойындап, заңдастырған активтерін мемлекетке қайтаруға әзір екенін мәлімдеді.

Айта кету керек, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар әулеті биліктен кетті. Содан кейін шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару науқаны басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, осы уақыт ішінде Қайрат Сатыбалды елге жүздеген миллион долларды бюджетке қайтарыпты. Әзірге дейін Қазақстанға қайтқан жалпы қаражат – 600 млн АҚШ доллары. Соның дені Қайрат Сатыбалдының дүние-мүлкі болып шықты.