10 Қаңтар 16:10

Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір қылмыстық істі тергеу аяқталды

Қайрат Сатыбалды
Фото: Коллаж: NEGE

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір істің сотқа дейінгі тергеуін аяқтады.

Антикор Қайрат Сатыбалдыға қатысты табысын заңсыз жылыстыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Бұл туралы Nege.Aqsha телеграм каналы хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәлімдеуінше, Қайрат Сатыбалды қылмыстық жолмен келген табыс арқылы елден және шетелден дүние-мүлік сатып алған.

«Қылмыстық жолмен тапқан табыс пен қаржыға Қайрат Сатыбалды шетелден және Қазақстаннан түрлі дүние-мүлік сатып алған. Ол банктерден Қазақстан аумағында және шет елдерде ақша алған. Бұл іс қазір сотқа түсті», – деп хабарлады Антикор.

Бұдан бөлек, Қ.Сатыбалдыға қатысты «салықтан жалтару» бойынша да іс тергеліп жатыр.

Бұл туралы ведомство былай деп хабарлады: «Бұл тұлғаға (Қ.Сатыбалдыға – NEGE) қатысы бар барлық активтер бұғатталған, олардың барлығы мемлекеттің пайдасына қайтарылады. Қазіргі күнде мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы соммасы 850 млрд теңгеден асты».

Әбіш
Фото: ғаламтордан

Соңғы уақытта Қ.Сатыбалдыдан бөлек, оның туған бауыры Самат Әбішке қатысты абың-күбің әңгіме көбейді. «С.Әбішке қатысты бұлтартпау шарасы өзгеруі мүмкін» дейтіндер бірдеңені біліп айтатындай.

Бұған дейін «Самат Әбіш қылмыстық іс орбитасында» деп жақауратып келген ҰҚК ендігі кезекте құрықты оған мықтап салса, таңғалудың реті жоқ.