Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы үйқамаққа жіберілді
Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы уақытша ұстау изоляторынан үйқамаққа жіберілді.
Астана, NEGE. Полицияның алдын ала мәліметінше, Шымкентте өткен концертке алаңның сыйымдылығынан көп билет сатылған. Көрермен қарасының көптігінен кіреберісте қысылыс болған.
Осы жайттан кейін сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуін ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін полиция қызметі қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сондай-ақ концертті ұйымдастырған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Оған 21,6 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы немесе оның бес жылға дейін бас бостандығы шектелуі не бас бостандығынан айырылуы мүмкін.