17 Маусым 20:07
...

«Қайрат Нұртас «ұнап қалды» деп біреудің әйелін де тартып ала ма?» – Әнші Самат Жанғазин

Ж
Фото: С.Жанғазинның жеке мұрағатынан

Өзіндік тыңдарманы қалыптасқан Самат Жанғазин жуырда желі арқылы ел алдына шығып, орындау құқығы өзіне тиесілі әнді Қайрат Нұртас иеленіп алғанын айтты. «О махаббат, ғажапсың!» әнін тыңдаған жұрт та кім-кімнің әніне жиендік жасағанын білмей абдырап қалды. Бірі Қайратты қаралаудың амалы десе, енді біреулер танымал әншінің мұнысын шығармашылық тоқырауға ұшырады деп топшылады. Ал біз ақ-қарасын жанайқайын жеткізген Жанғазиннің өзінен сұрап көрдік.

Қайрат әнімді ұрлап алды дегенді айттың. Жағдайды басынан түсіндіріп берсең.

– Әннің композиторы Дәурен Шәріп өткен жылы шілде айында демо-нұсқасын жасап қойған екен. Содан уақыт өте келе шумақтарын толық жаздырып алған соң, қыста әнді жазып шығуға бел байладым. Алдымен баяу ырғақта жазып көрдім. Соңынан алдымен көңілді ырғақты нұсқасын шығарайын, содан кейін барып баяу түрін таратамын деген шешімге келдім. Сөйтіп көңілді нұсқасын жазып, мамыр айында жарыққа шығарғалы отырғанымда әкем өмірден өтті. Одан соң араға бір жарым ай салып, таралымға жібердім. Радиоға апарып, тұсауын кестік. Осылайша ұзақ уақытты талап еткен әннің енді жемісін жеймін деп отырғанда, жұрттар әннің Қайрат Нұртас айтып шыққан нұсқасын жібермесі бар ма?! Авторлық құқығы қолымда бар әнді рұқсатсыз орындап шыққаны қалай болды деп өзім де алғаш естігенде түсінбей қалдым.

@jangazinsamat Ютубта қолдап жіберсеңіздер🙏 Баршаңызға көп-көп рақмет🔥 #омахаббат #реки ♬ оригинальный звук - Самат Жангазин

– Сонда әннің авторы әрі композиторы Дәурен Шәріп ол әнді сенен кейін Қайратқа да берген бе?

– Маған дейін Дәурен Шәріп ол әнді Қайраттың командасына гитарада орындалған нұсқасында тыңдатқан екен. Бірақ олар гонорарын қымбат көріп, бас тартыпты. Мен бір күні Дәуренмен жақын араласатын болғандықтан, «жаңа ән жазсақ қалай болады» деп іздеп барғанымда осы туындыны ұсынды. Мен бірден ұнаттым.

– Қайрат Нұртастың өзіне немесе продюсеріне хабарласып көрдің бе?

– Қайраттың әнді жазған әрлеушісіне шығып едім, әкімшісі менің орындауымдағы МР3 нұсқасын жіберіп «тура осы баланыкіндей етіп жазып бер» деп ақшасын бергенін айтты. Ол кезде ән ютуб, Shazam, «Той думан» бәріне дерлік тарап үлгерген. Содан кейін салым суға кетіп отырғанда, желіде дабыл қаққанымды естісе керек, Қайраттың Салтанат атты әкімшісі баайланысқа шығып, «бізге ән ұнап қалды, жақсы ән таппай жүр едік, сосын алдық» деді. «Ұнап қалды екен деп біреудің  әйелін де тартып аласыңдар ма?» дедім. Қалай болған күнде Қайрат аға буын болса да алдымнан бір өту керек еді. Тым құрыса «менің саған қолдауым болсын, бұл әнді алдымен дуэт болып орындайық, содан кейін жеке дара орындай берейін» десе, әңгіме басқа болар ма еді.

– Сонымен, өнердегі ағаңды сотқа бересің бе?

– Қайрат Нұртас халықтың қошеметіне бөленіп жүрген адам ғой. Сондай адамды аяғынан тартып, қаралап, жұлмалап жатқаным жөн болмас деп отырмын. Анығын айтқанда, өзім ұялып жүрмін. Ақылы болса, әнді бұдан былай айтпай, тоқтатсын. Себебі, бұл – менің еңбегім, менің наным.

@kair_tiktok

🫂🤲 saken_maigaziyev

♬ оригинальный звук - Қайрат Нұртас

– Егер орындау құқығы өзіңе тиесілі болса, онда әділдік сен жақта болары анық қой? 

– Әрине, әнге қатысты құжат қолымда тұр.

– Әнді жазуға жұмсаған шығыныңды өтеп беретін болар енді?

– Бұл әнді жарыма арнап жаздырғандықтан, ақымен өтей салатын дүние емес, мен үшін өте қымбат. Оның үстіне ақшаға мұқтаж адам емеспін. Шүкір, өзімнің адал еңбек, маңдай теріммен келе жатырмын.

– Желіде он миллион өтемақы сұрайтыныңды жазған екенсің...

– Иә, заңгерлермен ақылдасып көрдім. Өткенде тағы біреулердің арасында осындай жанжал болғанда, жәбірленуші тарап өтемақы есебінде 58 миллион талап еткен екен. Ал Қайраттың жағдайында үлкен қаражат сұрауыма да болар еді, бірақ мен адамдықтан аттағым келмейді. Жолы үлкен болғандықтан, кесірімді тигізгім келмей отыр.

– Тыңдарманның пікірі екіге жарылыпты, бірі сені қолдаса, ендібіреулер Қайраттың орындауына ешкімнің жетпейтінін айтуда. Бұған не дейсің?

– «Таққа талассаң да, баққа таласа алмаймың» деген бар. Оның үстіне халық болған соң алуан түрлі пікір болады. Мен ешкіммен дауласпаймын, қалай болған күнде бізді өсіретін де, түсіретін де – халық.

Ж
С.Жанғазинның жеке мұрағатынан

– Айтпақшы, Шырақбек атты жас әнші Қайраттың орындауындағы Ержан Серікбевтың «Мейлі» әнін айтып «жарып» жатқан көрінеді. Уақыт өте келе кез келген жұлдыздың дәурені өтетін шақ туа ма, қалай?

– Биігінен түспей келе жатқан әншілер де бар ғой. Дұрысы тынбай еңбек етіп, адал жолдан тайқымаған жөн.

– Ал өзің Гаухар Әлімбекованың «Перзент сыры» атты әнін орындап жүрсің. Ол кісінің алдынан өттің бе? 

– «Кавер шоуға» қатысатын кезде әпкеме инстаграм арқылы жекесіне шығып, рұқсатын сұрап едім, орындаған соң алдымен өзіне бір тыңдатуымды өтінді. Мен айтқанындай жасадым, тыңдаған соң «жақсы орындапсың» деген баға беріп, әнді айта беруге рұқсат етті.

– Бірақ жеме-жемге келгенде ол шоуға сені қатыстырмады. Неге?

– Ол кезде де Қайратқа қатысты қатыспай қалдым. Мәселен, шоуға қатысардан біраз уақыт бұрын онымен кездескен болатынмын. Сол кезде ойымда ештеңе жоқ аталған бағдарламаға қатысатынымды айтып, бағасын берсін деген ниетпен әлгі каверді тыңдатқан едім. Ол жақсы айтқанымды жеткізіп, «маған жіберші, тыңдап жүрейін» деді. Мен ақкөңілділікке салып, жібере салдым. Сөйтіп мен шоуға шығуға екі апта қалғанда, ол лезде әлгі әнді орындап, әлеуметтік желіге таратып жіберді. Сөйтіп, мен емес, Қайрат қатысатын болып кесіліп, тағы алдымды орап кетті. Онда да көз жұмып қараған едім. Өнерде достық болмайды екен. Бұдан соң көп адамға сенуден қалдым. Енді ешкімге ештеңе айтпаймын...