Қайрат Құдайбергенұлы ҚР-ның Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі қызметіне тағайындалды
Алматы, NEGE. «Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды», - делінген хабарламада.
Ол 1964 жылғы 21 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. 1987 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша бітірген. Өз мансабын 1987 жылы Қазақ политехникалық институтында тарих пәнінің мұғалімі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспиранты ретінде бастаған.
1993 жылы дипломатиялық қызметке ауысты.
1998 жылға дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелерінде әртүрлі лауазымдарды атқарды, ал 1998-1999 жылдары Үшінші департаменті мен Екіжақты ынтымақтастық департаментінің директоры болды.
1999-2001 жылдары – ҚР Сыртқы істер вице-министрі, 2001 жылдан 2003 жылға дейін – Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің кеңесші-уәкілі. 2003-2006 жылдары Қазақстанның Израильдегі Елшісі болып жұмыс істеді. Содан кейін 2006-2007 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды, ал 2007-2008 жылдары Қазақстанның Аустриядағы Елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі болды.
2008-2011 жылдар аралығында ЕҚЫҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды, содан кейін 2013 жылға дейін Аустрияға Қазақстан Елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі лауазымына оралды.
2013-2016 жылдары – БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі, 2016-2018 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары Қазақстанның Швециядағы және Даниядағы қоса атқарушы Елшісі болып жұмыс істеді. Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалғанға дейін 2020 жылғы желтоқсаннан ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары болды.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын тілін меңгерген.