«Қайрат» 2025 жылғы суперкубок иегері атанды

Бүгін футболдан Қазақстан суперкубогында алматылық «Қайрат» елордада «Ақтөбеден» басым түсіп, суперкубок иегері атанды.
Алматы, NEGE. Елордада «Астана Арена» стадионында еліміздің қазіргі чемпионы «Қайрат» пен Қазақстан кубогының иегері «Ақтөбе» командалары кездесті. Қарсыласын 2:0 есебімен ұтқан алматылық «Қайрат» еліміздің ең беделді кубогының иегері атанды.
Бұл 2024 жылдың 20 желтоқсанында сайланған Марат Омаровтың жетекшілігімен өткен Қазақстан футбол федерациясының алғашқы ойыны болды.
Ойынға 25 мыңға жуық көрермен жиналды. Хабар, Qazsport және Jibek joly арналары арқылы матчты шетелдегі қандастарымыз тамашалай алды.
Ойынның алғашқы минутында ақтөбелік команда тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Одан кейін «Қайрат» та қарсы шабуылға шықты. Кейбір сәттерде гол соғатын мүмкіндігін мүлт жіберіп алып жатты. Екінші кезеңде ойын тізгінін «Қайрат» өз қолында ұстауға тырысты. Нәтижесінде олардың қатарынан 58-ші минутта Элдер Сантана гол соғып кетті.

Ал 62-минутта алматылық клубтан Еркін Тапалов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып кетті. Ойынның 70-минутында «Қайраттың» жас жұлдызы Дастан Сәтпаев алаңға шықты. Кездесу барысында әдемі ойын өрнегімен жанкүйерлер ризашылығына бөленді.
Ал 86-минутта алматылық ұжымнан Валерий Громыко қорытынды есепті белгіледі.Осылайша «Қайрат» қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, суперкубокқа ие болды.
Қазірге дейін «Ақтөбе» 2008, 2010, 2014 жылдары үш мәрте суперкубокты төбесіне көтерсе, «Қайрат» 2016, 2017 жылдарда екі мәрте жеңімпаз атанды. Ақтөбелік клуб өзі қатысқан суперкубоктың барлығында жеңсе, алматылық команда 2015, 2018, 2019, 2022 жылдары қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Бір қызығы, «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы текетірестің жарқын әрі бай тарихына қарамастан, бұл командалар финалдық кездесуде бір-ақ рет кездескен. Бұл 2014 жылғы Қазақстан кубогының шешуші матчында, одан кейін алматылықтар «Астана Аренада» 4:1 есебімен ірі жеңіске жетіп, алтыншы рет ел кубогын жеңіп алды.

Биыл ел біріншілігінің алғашқы туры 1-2 наурыз күндері өтеді. Доп додасына барлығы 14 команда қатысады. Олардың қатарында «Қайрат» (Алматы), «Астана», «Ақтөбе», «Ордабасы» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай), «Елімай» (Семей), «Атырау», «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл), «Жеңіс» (Астана), «Жетісу» (Талдықорған), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Ұлытау» (Жезқазған) командалары бар.
Алғашқы турда «Қызылжар» мен «Жетісу», «Астана» мен «Қайрат», «Ордабасы» мен «Ақтөбе», «Тұран» мен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Елімай», «Қайсар» мен «Жеңіс», «Тобыл» мен «Ұлытау» кездеседі. Соңғы тур ойындары 26 қазанға белгіленген.