Қауіпсіздік пен мемлекеттік басқаруға 4,9 трлн теңге бөлінбек
Қазақстан 2027 жылы қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтерге 4,9 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Оның 3,3 трлн теңгесі күштік құрылымдарға, 787 млрд теңгесі мемлекеттік басқаруға бағытталмақ. Бұл туралы Құрылтай отырысында қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.
Астана, NEGE. Бүгін Құрылтай депутаттары 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.
Министрдің мәліметінше, 2027 жылы республикалық бюджет кірісі 25,4 трлн теңге, шығысы 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызы болады деп болжанып отыр.
Ал 2029 жылға қарай мемлекеттің меншікті кіріс базасын 23,4 трлн теңгеге дейін арттыру көзделген.
«Еліміздің негізгі қаржылық құжатын әзірлеу барысында ағымдағы экономикалық жағдай, барлық бюджеттік және макроэкономикалық тәуекелдер ескерілді. Басты мақсат – экономикалық өсімді ынталандыру, қаржылық тәртіп пен мемлекеттің азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау арасында теңгерімді сақтау», – деді Мәди Такиев.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен республикалық бюджет параметрлері таныстырылған болатын. Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева 2027 жылғы бюджетте күтпеген жағдайларға арналған жеткілікті қаржы қоры қарастырылмағанын айтты.