29 Мамыр 10:57

КАТСУ кетті! ҰҚК оны тексере ме?

Фото:

Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу қызметінен кетті. Бұл туралы Университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Назарбаев Университеті Президент Шигео Катсудың 2023 жылдың 15 маусымында күшіне енетін отставкасы туралы мәлімдейді.

Коллаж: NEGE

13 жылға жуық қызметтен соң Президент Катсу қызметінен кету туралы ұсыныс айтты. Университет қауымдастығы Президент Катсудың көрегендігі мен тиімді басшылығын терең құрметтейді, ол оқу орнын Қазақстандағы тұңғыш әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті жасады», – деп хабарлады Университеттің баспасөз қызметі.

Катсудың кететіні туралы ең бірінші 17 мамыр күні NEGE хабарлаған және бұл ақпарат кейбіреулер жазғандай анонимдік каналда емес, NEGE-нің ресми телеграм каналында жарияланды.

«Шигео Катсу Назарбаев Университеті президенттігінен ғана емес, Назарбаев зияткерлік мектебі қамқоршылық кеңесі төрағалығынан, Назарбаев фонд қамқоршылық кеңесінен және ең бастысы «First Heartland Jusan Bank» АҚ Директорлар кеңесі төрағалығынан да кетеді. Осы қызметтеріне қарап-ақ Катсудың Н.Назарбаев пен оның айналасы үшін қандай миссия атқарғанын байқауға болады.

Халықаралық банк жүйесінде ондаған жыл тәжірибесі бар ол өзін жалдағандардың ақшасын ешкім таба алмайтындай етіп офшорға жасырмасына кім кепіл?», – деп жазғанбыз Телеграм каналымызда.

Фото: Назарбаев Университеті

NEGE редакциясы Шигео Катсу мен Назарбаев Университеті туралы бірнеше рет зерттеу материал жариялады. Ақырында Катсудың өзі тілшімізге сұхбат беруге мәжбүр болды.

Катсудың кететіні туралы жазғанымызда Назарбаев Университеті оның «ешқайда кетпейтінін, жалған ақпарат таратқандардың заңмен қудаланатынын» мәлімдеген. Сөйткен атышулы Шигео Катсу кетіп тынды ақыры.

Біз құзырлы органдарға – Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға Шигео Катсудың қызметі мен Назарбаев Университетінің жұмысы туралы бірнеше мәрте ресми сауал жолдағанбыз. Алайда бұл органдар Университеттен «шпион» таба алмады.

Коллаж: NEGE 

Бір мүшелге жуық уақыт ішінде Н.Назарбаев пен оның айналасы үшін аса маңызды фигураға айналған Шигео Катсуды енді ешқайда жібермей, осы уақытқа дейін атқарған жұмысын қорықпай тексеруге болады. Естуімізше, ол бұрынғы «қожайындарын» да ауызға ұрып, аңқитып кеткен көрінеді...

Тегтер: