«Қателеспейтін адам жоқ» – Балғынбек Имашев ұлының қылмыстық ісіне қатысты сұхбат берді

Алматыда танымал айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы – Данияр Имашев алаяқтық бабы бойынша істе күдікті болып, тергеуге алынғаны туралы ақпарат тараған еді. Оған Данияр Имашев атқарушы директор болып саналатын «Qazaq travel» компаниясының қызметіне байланысты қажылық сапарын өтеуге ниеттенген 50-ге жуық адамның шағымы себеп болған.
NEGE тілшісі ақын Балғынбек Имашевке хабарласып, баласының қылмыстық ісіне қатысты мән-жайды сұрады.
– «Балғынбектің баласы алаяқ екен» деп жұрт шулап жатыр ғой. Бұл іске компаня басшылығында қызмет атқаратын ұлыңыздың қатысы қаншалықты?
– Ұлым бұл компанияға осы жылдың қаңтар айынан бастап атқарушы директор болып жұмысқа кірген. Былайша айтқанда, жалдамалы жұмысшы ғой. Міне, барғанына үш-ақ ай болды. Бірақ ол қаржы жағына араласпайды. Бұл жерде «Балғынбектің баласы екен» деп шулатып жіберді ғой. Тәжірибесіздіктен, білместіктен қателіктер жіберуі мүмкін. Бірақ ұлымды «ақшаны жеп қойды», «алаяқ екен» деп қаралаған адам көп. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды. Оған жала жауып, одан қала берді мені де белгілеп «Ел көтерген азамат халықты алдап жатыр» деп неше түрлі пікір жазып жатыр. Әлгі «Жаптым – жала, жақтым – күйе» деген әңгіме.

– Бірақ ақшасын төлеп, діттеген бағытқа ұша алмаған туристер шағымдануға құқылы ғой.
– Әрине, құқылы. Бірақ бірден әлеуметтік желіге жар салу керек пе?! Мұндай жағдайда алдымен компанияға барып, «Мен осындай ақша төлеп, мынандай келісімге отырып едім. Сіздер талапты орындамадыңыздар. Сондықтан ақшаны қайтарып беріңіз немесе басқа уақытқа шегеріңіз» деген сарында заңдық негізде арыз жазуға болады. Бірақ 50 шақты адам әуелі шулатып алып, содан кейін ғана арыз жазған.
Бар болғаны – ұшақ уақытында ұшпай қалып, туры бірнеше күнге кешікті. Бұл компанияның жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асқан. Ешкімнің ақысын жеген емес. Құрылтайшысын да танимын.
«Компания алдап кетті» деуге де болмас. Қазір уақытша сынақ болған сыңайлы. Бүгінде бұл компанияда ғана емес, барлық бизнес компанияларда қаржылық дағдарыс байқалады. Егер ақшаны алып, жоқ боп кетсе, басқа мәселе. Бұл – жұмыс істеп тұрған кеңсесі бар компания. Ешкім ешқайда қашып жатқан жоқ. Әуекомпания ұшағы ұшпай қалса, бұл туристік компанияның кінәсінен емес. Қазіргі кезде ақша төлеген адамдардың қаржысы қайтарылды. Сондықтан «алаяқ» деген сөзді байқап қолданған дұрыс.
– Осы шуды пайдаланып сіздің бұрынғы «алаяқтық әрекеттеріңіз» жайында айтып жатқандарды көзіміз шалды. Шынында, қайбір жылы базар құрылысына үлескер іздеп, біраз адамды тартып едіңіз. Мұның да соңы сиырқұйымшақтанып кеткен сияқты. Одан бөлек кәсіпкер Көңілбай Шүкеновті жарнамалап, шашбауын көтергеніңіз есімізде...
– Иә, базар салуға үлескер іздегенім үш-төрт жыл бұрын болған жағдай еді. Астана қаласындағы «Достық маркет» базары әкімдіктің қолдауымен салынады делінген.
Ал Көңілбайдың бизнесін жарнамалағаным рас. Біз компанияға сендік. Шынымен, бәрі керемет болады деді. Арты осындай болды. Қателеспейтін адам жоқ. Жарнама жасағанымды мойындаймын. Өйткені, қазақ кредитке кірмесінші, несиесіз үй алсыншы деп ойладым. Жарнаманы тек мен ғана жасаған жоқпын. Қаншама ақын, танымал адамдар жасады. Маған әкеп тіреп қояды бәрі.

– Қазір Көңілбай Шүкенов түрмеде отыр ма?
– Хабарым жоқ екен. Әйтеуір істі болып, қамауда отырғанын білемін. Одан кейін сот шешімі қалай шықты, білмеймін.
– Жалпы, осындай алаяқтыққа жақын компанияларды, ұйымдарды жарнамалауға келгенде неге сақ болмайсыз? Онсыз да адасуға бейім жұрт ел алдында жүрген сіздердің сөздеріңізге иланады ғой.
– Олар да алаяқтық әрекет жасаймыз деп ойлаған жоқ қой. Қазір ақты – қара, қараны – ақ ету оңай. Кезінде Жүсіп пайғамбар да пайғамбар басымен «айналамның мәжбүрлеген ісін істегенше, зынданға қамалғаным артық» деп жазықсыз үш күн, үш түн құдықта жатып шықты ғой.
Сол сияқты біреу ақ болса да, жала жабылады. Енді бірі байқамай ұрынып қалады. Келесі біреу мақсатты түрде әу баста алаяқтық жасауды көздейді. Сондықтан ешкім «халықты алдаймын» деген ниетпен жасамайды. Өкініштісі, аяғы кейде осындай болып жатады.
Кеше 30 жыл бойы Назарбаевты мақтағандар бүгінде даттауға көшті ғой. Сол сияқты адамның кез келген нәрсеге көзқарасы өзгеріп кетеді. Бүгін жақсы болып тұрған дүние ертең жаман болып қалады. Қазір түрмеде отырған адам ертең басшылық қызметке баруы мүмкін. Бәрі – сынақ. Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Бәріміз де қателесеміз.