USD
USD
USD

Кәсіпкердің өліміне қатысты даулы іс: судья туралы мақалаға адвокат қарсы шықты

Бұған дейін «Дикий Арман» деген атпен танылған Арман Жұмагелдиевті қорғаған адвокат Рена Керимова NEGE редакциясынан Павлодар облысында кәсіпкердің қаза табуына қатысты жарияланған материалды өшіруді сұрап отыр.

Қылмыстық іс
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Адвокат қазір судья Марат Мұсабаевтың мүддесін қорғайды. Оның есімі редакциямыз 6 қарашада Telegram-да жариялаған «Судья, катер и 20 млн тенге: мать погибшего в Павлодарской области требует справедливого расследования» атты материалда аталған.

Біз бұл мақалада «Жас Алаш» басылымына сілтеме жасап, Икрам Нұрмашовтың қазасы туралы жазған едік. Марқұмның анасы ұлының өліміне қатысты тергеу қорытындысына күмән келтірген. Материалда Мұсабаевтың адвокатының пікірі де берілген.

Енді адвокат Рена Керимова редакциядан жарияланымды үш күн ішінде өшіруді сұрап отыр. Оның пікірінше, мақалада судьяның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін, шынайылығы дәлелденбеген айыптаулар бар. Талабы орындалмаса, адвокат сотқа жүгінуі мүмкін екенін ескертті.

NEGE редакциясы заңгермен бірге адвокаттың талабын зерделеп, материалды өшіруді талап етуге заңды негіз бар-жоғын анықтап жатыр. Әзірге бұл талаптың қаншалықты орынды екені жөнінде қорытынды жасамаймыз.

Ал оқырмандар жағдайды екі тараптың да ұстанымын ескере отырып бағалай алуы үшін Рена Керимованың хатын толық жариялауды жөн көрдік.

Төменде адвокаттың орыс тілінде жолдаған хатының қазақша аудармасы берілген. Құжаттағы уәждер, сандар, құқықтық сілтемелер мен талаптар сақталды.

«НАРАЗЫЛЫҚ ХАТ

2026 жылғы 6 қарашада сағат 08:55-те Nege.kz Telegram арнасында «Судья, катер и 20 млн тенге: мать погибшего в Павлодарской области требует справедливого расследования» («Судья, катер және 20 млн теңге: Павлодар облысында қаза тапқан азаматтың анасы істің әділ тергелуін талап етеді») атты материал жарияланды.

Жарияланымға сілтеме: https://t.me/negemedia/11675

Аталған материалда «Жас Алаш» басылымына сілтеме жасалып, қаза тапқан Икрам Нұрмашовтың анасының судья Марат Мұсабаевтың қайғылы оқиғаға қатысы болуы, катерді жоғары жылдамдықпен басқаруы, алкогольдік ішімдік ішуі, сондай-ақ оған 20 миллион теңге ұсынуы мүмкін екені туралы мәлімдемелері келтірілген.

Жарияланымда М.К. Мұсабаевтың адвокатының пікірі берілгеніне қарамастан, материалдың мазмұны мен тақырыбында негізінен марқұмның туыстары айтқан, шынайылығы анықталмаған айыптауларға басымдық берілген.

И.Ж. Нұрмашовтың қазасына қатысты құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізгенін және оның қорытындысы бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанын назарларыңызға саламыз. М.К. Мұсабаевқа қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылған жоқ.

Сонымен қатар Мұсабаевтың катерді басқарып отырғаны көрінетін бейнежазбалар қайғылы оқиғаға дейін түсірілген. Олар оқиға болған сәтте катерді нақты кім басқарғанын дәлелдемейді. Алайда жарияланымда бұл бейнежазбалар тергеу қорытындысына күмән келтіру үшін пайдаланылған.

Мұсабаевтың марқұмның анасына 20 миллион теңге ұсынғаны туралы мәліметке жеке тоқталған жөн.

Қазір М.К. Мұсабаевтың арызы бойынша одан 100 миллион теңге бопсалау дерегіне қатысты бөлек сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осы қылмыстық іс аясында Мұсабаевтың марқұмның туыстары, соның ішінде Құндыз Нұрмашова, оның анасы және ағасы Бахрам Нұрмашов тарапынан өзіне ақша талап етілгені туралы арызында келтірілген уәждері тексеріліп жатыр.

Осылайша, бопсалау дерегіне қатысты тергеу жүріп жатқан кезде бұқаралық ақпарат құралдарында аталған қылмыстық іс бойынша арызданушы болып отырған Мұсабаевқа қатысты айыптаулар жариялануын жалғастыруда.

М.К. Мұсабаев тарапының пікірінше, сотқа дейінгі тергеу кезінде мұндай материалдардың жариялануы қоғамның болған оқиғаға қатысты көзқарасына теріс әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар 20 миллион теңге ұсынылғаны туралы ақпаратты мән-жайды мұқият тексермей және тергеліп жатқан даудың сипатын түсіндірмей тарату қоғамда болған оқиға туралы қате түсінік қалыптастыруы мүмкін.

Ақпараттың марқұмның туыстарынан алынғанын немесе басқа басылымнан көшірілгенін көрсету оның шынайылығын тексеру және масс-медиа туралы заң талаптарын сақтау қажеттігін жоққа шығармайды.

Бұдан бөлек, бопсалау туралы қылмыстық іс тергеліп жатқан кезде әртүрлі БАҚ-та осындай айыптаулардың қайта-қайта жариялануы ақпарат кеңістігі М.К. Мұсабаевқа қысым көрсету үшін пайдаланылып жатқан жоқ па деген орынды сұрақ туғызады.

Болған оқиға туралы ақпарат таратқанда тараптардың ұстанымдарын және әлі аяқталмаған тергеу амалдарын ескеріп, мән-жайды объективті баяндау қажет деп санаймыз.

Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңының 38-бабы 1-бөлігіне сәйкес, азамат бұқаралық ақпарат құралы таратқан, шындыққа сәйкес келмейтін және өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне әрі іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды талап етуге құқылы.

Егер редакция таратылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келетінін дәлелдей алмаса, заң бойынша оларды теріске шығаруға міндетті.

Аталған заңның 38-бабы 6-бөлігіне сәйкес, азамат мәліметтерді теріске шығарумен қатар, келтірілген залал мен моральдық зиянның өтелуін талап етуге құқылы.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 143-бабында азаматтың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау құқығы көзделген.

Сондай-ақ көрінеу жалған ақпаратты дайындауға және таратуға қатысқан адамдардың әрекеттерінде заңда көзделген негіздер болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болуы мүмкін деп санаймын. Олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы бар-жоғын құзыретті органдар тексеруі тиіс.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде:

Осы наразылық хатты алған күннен бастап үш күннен кешіктірмей, 2026 жылғы 6 қарашада Nege.kz Telegram арнасында https://t.me/negemedia/11675 мекенжайы бойынша жарияланған «Судья, катер и 20 млн тенге: мать погибшего в Павлодарской области требует справедливого расследования» атты материалды, сондай-ақ оның редакцияға тиесілі ақпараттық ресурстарда жарияланған көшірмелері болса, оларды да өшіруді сұраймын.

Аталған талап белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, М.К. Мұсабаевтың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау, таратылған мәліметтерді теріске шығару, моральдық зиянды өтеу және сот шығындарын өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгіну құқығымызды өзімізде қалдырамыз.

Сондай-ақ кінәлі адамдарды заңда көзделген жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін құзыретті органдарға жүгіну құқығымызды сақтаймыз.

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты
Р.В. Керимова

06.11.2026 ж.»

Қазір оқып жатыр

Құрылысшының қазасы: Алматы әуежайы үн қатты

Алматы әуежайы

Алматы әуежайында адам қаза тапты

Алматы әуежайы

47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған: Ғылым саласына жүргізілген аудит қандай кемшіліктерді анықтады?

Әлихан Смайылов

Көкшетаудағы екі сот қызметкерінің өлімі арасында байланыс бар-жоғын полиция тексеріп жатыр

Ақан Дайыркен мен Аян Дүйсеков