Каспийдегі оқу-жаттығудан кейін аман қалып, ауруханаға түскен сарбаздың жағдайы белгілі болды
Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде суға кеткендер арасында аман қалып, ауруханаға түскен сарбаз – 2007 жылғы Ақжол Темірәлиев есін жиып, жалпы палатаға ауыстырылды.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде блогер Азамат Сәрсенбаев хабарлады. Ол ауруханада сарбаздың ата-анасымен қауышқан сәтінен видео жариялап, Ақжолдың қазіргі жағдайынан хабардар етті.
«Қазір жігіттің жағдайы тұрақты. Ол жүріп, өздігінен тамақтанып, сөйлесе алады. Дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады. Ендігі міндет – жігіттің біртіндеп қалпына келіп, өз-өзіне келуі», – деп жазды блогер.
Ақжолдың әкесіне айтуынша, олар бұл оқу-жаттығуға үш күн алдын ала дайындалған. Кемеден түскеннен кейін сарбаз жағаға өз күшімен жүзіп шыққанымен, жарты сағаттай әскерге бірге кеткен Азамат есімді досын іздеумен болған.
«"Сәлден кейін басым айналып отырып қалдым" деді. Су жұтқан болу керек. Бір есін жиғанда жедел жәрдем көліктері тұрғанын көрген. Ауруханаға жеткенше бірде талып, бірде есін жиып, сондай күйде келген. Ал қолындағы Азаматтың береті қайдан жүргенін сұрай алмадым», – дейді сарбаздың әкесі.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде ауруханаға түскен сарбаздың беретті қысып ұстап жатқан фотосуреті тараған еді.
Әкесінің сөзінше, Ақжол әскерден 3 қазанға оралуға тиіс болған.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров қазір сарбаз терапия бөлімінде ем алып жатқанын айтты. Ақжолдың денсаулық жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Еске салсақ, 24 қыркүйек күні Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші теңіз суына кеткен. Басапқыда Қорғаныс министрлігі 12 сарбаз қаза тауып, үш әскери құтқарылғанын, екі сарбаз іздестіріліп жатқанын хабарлады. Екі сарбаздың денесі бүгін таңертең табылды.
Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.
Қазір оқып жатыр
Маңғыстаудағы төтенше жағдай: Үкіметтік комиссия мүшелері не талқылады?

Қаза болған әскери қызметшілерге көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр

Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көмек жинайтын бірыңғай қор белгіленді

Каспий теңізінде суға кеткен екі сарбаздың денесі табылды: қаза болғандар саны 14-ке жетті

