14 Қараша 16:21
...

Каспий НЕГЕ тартылып барады? Министр Брекешев жауап бере алмады

Фото:

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов балық шаруашылығына қатысты баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, елімізде балықты тұтынатындардың саны аз. Яғни, адам басына шаққанда 4 келіден аспайды.

Баяндамадан соң депутаттар балықтардың жиі қырылу себебі мен теңіз-көлдердегі экологиялық мәселелер туралы өз сауалдарын жолдады. Брекешов біраз сұраққа жалпылама тоқталғанымен, көбіне жазбаша түрде жауап беретінін жеткізді. Үкімет сағатынан соң NEGE тілшісі де министрге бірнеше сұрақ қойды.

– Жаңа өзіңіз итбалықтар мен шабақтардың осы айдағы қырылуы туралы айттыңыз. Сіздің сөзіңізше, оның себебін анықтауға бір ай уақыт керек екен. Сәуір айында да Каспийде 60-тан аса итбалықтың өлексесі табылған кезде де дәл осылай айтып едіңіз. Бұған не себеп?

– Сәуір айында болған оқиғаның нәтижесі бір айда анықталады деп айтқанымыз рас. Өйткені ол итбалықтардың денесі шіріп кеткен еді. Ал осы айдың басындағы жағдай бойынша, 141 итбалықтың өлексесі табылды. Олардың денесіне зерттеу жасалып, анализдері толығымен алынды. Енді бір айдың ішінде қырылу себебінің нәтижелері белгілі болады деп күтіп отырмыз.

– Не себепті бұл жайт қайталана береді? Оған ортақ бір себеп бар ма?

– Қайталана беру себебі анализдерге байланысты болады. Нәтиже шыққаннан кейін біз ғалымдармен бірлесіп талқылап, не себепті бұлай болып жатқанын анықтайтын боламыз.

– Каспийдегі мұнай бұрғылау орындарының әсері емес пе?

– Нақты ол деп айта алмаймын. Итбалық өлекселерінің өкпесінен алған сынамалар бар. Мүмкін олар ауа жұтуға судан шыққан кезде газ немесе зиянды ауамен тыныстаған шығар. Нақты себеп анализдердің қорытындысы шыққан кезде айтылады. Кішкене күтейік. Бір айдан кейін анықталады ғой.

– Жаһандық зерттеушілер Каспий теңізінің 34 пайызы алдағы 60-70 жыл көлемінде кеуіп кетуі мүмкін деген жорамал жасап жатыр. Демек, бұл судағы тіршілік иелерінің де азаюына әкеп соқпақ. Каспийдің де өлі теңізге айналуы әбден мүмкін екен. Бұған қатысты министрлік не дейді?

Спутниктен қарағандағы Каспий теңізі. Фото: ғаламтордан.

– Енді... Оған қазір жауап жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің министрлікке басты тапсырма берілді. Осы Каспийдің тұрақты түрде зерттелуін қадағалайтын мемлекеттік институттар құрылуы керек. Бұл институт теңіздің проблемалары мен су деңгейінің азаю себебін анықтаумен айналысады. Мысалы, 10-15 жылдың көлемінде Каспийдің көлемі бір метрге дейін төмендеп кеткен.

– Демек, ол институт әлі құрылмаған ғой?

– Жоқ, құрылмаған. Міне, қазір сол жұмыспен айналысып жатырмыз. Ол институт тек Қазақстан бойынша емес, Каспийдің жағалауында орналасқан бүкіл мемлекетпен бірлесіп жұмыс істейді деп ойлап отырмыз.

Тегтер: