24 Мамыр 13:23
...

Kaspi. kz платформасындағы Magnum онлайн супермаркеті мемлекет бюджетіне 5 млрд теңге көлемінде салық аударған

Үкімет
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуымен, қонақ үй бизнесі және электронды коммерция инфрақұрылымымен танысты.

Алматы, NEGE. Премьер-министр Олжас Бектеновке Алматыға жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы және қала дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндалды. Сондай-ақ инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашуда болашағы зор бағыттардың бірі ретінде электронды коммерция мен туризмді дамытуға назар аударылды.

Шағын және орта бизнес қала экономикасында маңызды рөл атқарады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі 60,3%-ға дейін артты. Сектор қаладағы жұмыспен қамтылғандар санының 90%-ын немесе 972,1 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Алматыда электронды коммерцияның кеңінен дамуы кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға және өнімдер мен қызметтерді тиімді сатуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Бүгінде қаланың үлесіне еліміздегі тауарлардың электронды бөлшек саудасы көлемінің 95,2%-ы және қызметтердің электронды саудасының 93,2%-ы тиесілі.

Алматыда тұңғыш «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС мамандандырылған Dark Store форматындағы заманауи қоймасына барған Олжас Бектенов ритейл саласындағы жаңа инфрақұрылыммен танысты. Хаб логистиканы жеделдетеді, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыра отырып, тәулігіне 18 мыңға дейін тапсырысты тиімді өңдеуге қабілетті.

Инвестициялық жобаға 13 млрд теңге салынды, 800 жұмыс орны ашылды. Жалпы, өткен жылы еліміздегі электронды сауда көлемі соңғы 5 жылда 5 есеге өсіп, 3,2 трлн теңгеге жетті. е-commerce үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінің 16,6%-ын құрады.

Үкімет
Үкімет

Премьер-министр тұтынудың, логистика мен сауданың заманауи моделін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. 2017 жылдан бері көлеңкелі экономиканың 7,5%-ға қысқаруы маңызды нәтиже болып отыр. Үкімет сауда мен транзитті белсенді дамыту үшін инфрақұрылым құруда барынша қажетті қолдау көрсетеді. Отандық өндірушілерді қолдауға баса назар аударылуда. Әкімдік пен Сауда министрлігіне ритейлер мен қазақстандық компаниялардың ынтымақтастығын құру тапсырылды.

Kaspi. kz инновациялық қазақстандық компаниясының басшысы және тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе 2025 жылдың өзінде Kaspi. kz платформасындағы Magnum онлайн супермаркеті арқылы 800 мыңнан астам қазақстандық 5,3 млн жылдам жеткізу онлайн тапсырысын бергенін айтты. Сатылымдардың 50%-дан астамы отандық өнім. Сонымен қатар 4,5 мың жұмыс орны құрылған. Kaspi. kz платформасындағы Magnum онлайн супермаркеті мемлекет бюджетіне 5 млрд теңге көлемінде салық аударған, оның жартысы немесе шамамен 2,4 млрд теңгесі 2024 жылы төленген.