Қаскелеңде Алматы энергетика және байланыс университетінің кампусы салынбақ
Алматы облысы Қаскелең қаласында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің болашақ кампусының орнына капсула салынды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Алматы, NEGE. Жаңа кампус Қаскелең қаласында бой көтереді. Жоба бойынша 15 гектар аумақта ауданы 60 мың шаршы метр болатын 2 оқу ғимараты, сондай-ақ 6 мың орынға арналған жатақхана салынбақ. Жаңа қалашықта университеттің бірнеше факультеті, креативті индустрия мектебі орналасады деп жоспарланған. Жобаның инвестициялық құны – 100 миллион АҚШ доллары.
"Жаңа кампустың ашылуы жаңартылатын энергетика, атом энергетикасы, климаттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, кино, анимация және ойындар сияқты жаңа бағыттарда маман дайындауға мүмкіндікті береді", – деді университет басшылығы.
Салтанатты шара барысында бірқатар әріптестік келісімдерге қой қойылды.
"Президенттің тапсырмасы бар. Алматы мегаполисі үлкен, студенттер саны көп, студенттер санын азайту үшін Қонаев, Қаскелең қаласын дамыту, университеттік қалашық ретінде дамыту жоспарлары бар. Екі университет Қаскелеңді керемет жастар қаласына айналдырады деп сенемін. Өйткені Қаскелең Алматы қаласынан қашық емес, келу де оңай", – дейді Energo University ректоры Ғани Нығыметов.
Шараға білім беру ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен Нью-Йорк фильм академиясының мамандары да қатысты.
"Бүгінде Алматы қаласында университет көп. Алматы энергетикалық университетінің осы қаланың шет жағында, мына Қаскелең қаласында жеке университет кампусын ашып, онымен қоса 6 мың студентке арналған жатақхана салуды министрлік қолдайды. Бұл студенттердің қарабалас қала өмірінен тыс, жеке студенттік, университет кампусының айналасында сапалы білім алуына жақсы жағдай жасайды деп сенеміз", – деді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.