17 Мамыр 17:59
...

Қасым-Жомарт Тоқаев қандай адам?

Фото:
Бүгін

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. 68 жасқа толды. Мемлекет басшысы қандай адам?

Қазақстанның екінші президенті туралы мағлұмат көп. Ғаламторды ашып, аты-жөнін жазып, іздеу батырмасын бассаңыз, атқарған лауазымды қызметтері, бүкіл өмір жолы жарқ етіп, алдыңызда ашыла қалады. Көзі қарақты адам үшін Тоқаевтың саясаттағы атқарған қызметтері аса жұмбақ емес. Бізді оның өмірде қандай адам екені қызықтырады. Мінберлердегі, телекамералар алдындағы Тоқаев пен өмірдегі Тоқаевтың арасында алшақтық бар ма?

Бұл жөнінде Қ.Тоқаевтың қарамағында Сенаттың баспасөз қызметінің жетекшісі болған, қазір ҚР ҒБМ Тіл саясаты комитетінің басшысы Әділбек Қабадан сұрадық.

– Бір байқағаным, ол кісі қызметке мамандарды таңдап, жауапкершілік жүктесе, биографиясы мен географиясына емес, адамның іскерлігіне баса назар аударады. Кейбір адамдар алдына: «Жақсы адам еді. Қолынан іс келеді» деп біреуді ұсынады. Бірақ Тоқаев біреудің мақтағанына немесе даттағанына қарап емес, өзі байыппен саралап, сосын ғана шешім қабылдайды. Бұл – ең жақсы қасиеттерінің бірі.

Белгілі бір адаммен кездесіп, сөйлесетін болса, ол азаматты жақсы есінде сақтайды. Сенатта бірнеше жыл бірге қызмет істеген кезде әрбір қызметкерінің түрі мен есімін жатқа білетін. Жауапкершілігіне, қабілетіне байланысты әр адамды өз орнына қоятын.

Сосын бір байқағаным, қоғамдық пікірге қатты көңіл аударады. Газет-журналдарда, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерді мониторинг жасап, қарап, бақылап отырады. Баспасөз қызметі болса да, болып жатқан оқиғаларды, түрлі ақпараттарды өзі қарап шығады. Солардың ішінен ел өміріндегі кейбір мәселелерді астын сызып отырып, ерекше көңіл аударып, шешу жолдарын айтып, тапсырма беретін.

Еститін мемлекет құрамыз деп жатыр. Ол кісі шын мәнінде де халықтың үнін естіп, көңіл аударады. Тек қана ішкі мәселеге қатыстыны ғана емес, ағылшын, француз, орыс, қытай тіліндегі ақпарат құралдарын оқып, ел туралы айтып жатқан пікірлерін ұдайы саралап отырады. Кейбір тақырыптарды стратегиялық зерттеулер орталығына да ұсынады.

Тағы бір қыры – адам факторына қатты көңіл аударады. Елдегі ерекше еңбегі сіңген, сөзі мен ісі үйлесетін, қоғамға үлгі болатын азаматтармен, ардагерлермен, жастармен кездесіп, қабылдап, кеңес құруды жақсы көреді. Елге, жерге қажет болса, баса көңіл аударып, арнайы тапсырма беріп отырады. Бұл оның ел сөзіне құлақ түретінін көрсетеді. Өзімбілемдігі жоқ.

Бұдан бөлек, алдына келген адамды асықпай, мұқият тыңдайды. Содан кейін ғана өз пікірін айтады. Осы жағы ұнайды. Барлық уақытта өзін сабырлы ұстайды. Эмоцияға берілмейді. Қай уақытта болса да, ақылға салып отырып, сабырынан айнымайды. Күйгелек адам емес.

Кейбір басшылар біреулерді жерден алып, жерге салып, аттандап жататынын көргенбіз. Бірақ бұл кісіде ондай жоқ. Рас, өзінің құдай берген табиғи сұсы, сесі бар. Кабинетіне кірген кезде сонысынан ғана қаймығасың. Ешкімді басшы не қарапайым адам деп бөлмейді. Сөзіңді тыңдап, пікіріңе құлақ түріп, дұрыс пікір болса, жүзеге асыртқызады.

Бір байқағаным, болашағынан үміт күтетін жастарға баса назар аударады. Оларды шақырып сөйлесіп, сыртынан құттықтау жібереді. Твиттер арқылы да өзі құттықтау жазып отырады. Ол кісі жұрттың жазып бергенін ешқашан оқыған емес. Мәтіндерін де өзі жазады. Телеграм каналын да өзі жүргізеді. Қоғамда болып жатқан жайттарға ұдайы пікір білдіріп, үн қосып отырады.

Қарапайымдылықты жақсы көреді. Мысалы, бізде не көп, аста-төк жиын көп. Бәленбай адамды шақырып, саммит өткізіп, қымбат қонақ үйлерге орналастырып, шабылып, ас беріп жатады. Ол кісі мұндайды ұнатпайды. Еуропада басшылардың жұмыс бөлмесіндей ғана шағын залдарда маңызды шаралар өткізе береді.  Бәрі қарапайым: жататын жері де, ішкен асы да. Сонша шығын шығармайды. Осыны Тоқаев барған жерінің бәрінде: «Жиындарымыз еуропалық үлгіде өту керек. Мемлекеттік ақшасын босқа шашпайық», – дегенді ұдайы айтып жүреді.

Бұл кісі – мықты дипломат. Сыртқы істер министрлігін басқарды, шетелдерде түрлі үлкен қызметтерді атқарды. Біздің көз алдымызда көп елдің басшылары мен дипломаттарын қабылдады. Шетел сапарларында да бірге болдық. Сонда көзімнің жеткені, сөзге өте шебер. Кездесу барысында адамдарды бірден баурап алады. Сапарларға ерекше дайындықпен барады.

Біздің атқамінерлерге тән жаман бір қасиет бар. Есеп бермей сөйлеп жібереді кейде. Эмоцияға беріліп кетеді дегендей. Тоқаев болса, әр сөзіне есеп беріп сөйлейді. Ешқашан артық сөз айтпайды. Барлық сөзі жүйелі.

Меніңше,  бұл кісі әр жерде өзін әртүрлі ұстамайды. Қызмет бабында қалай ұстамды болса, жеке өмірде де байсалды. Ешкімді кеудесінен итерген емес. Тым жақындап та кетпейді. Бір қалыпты адам. Мүмкін, бұл дипломаттарға тән қасиет шығар. Үнемі қарапайым.

Көп адамдар ол кісіні «орыс тілді, қазақшасы онша емес» деп ойлайды. Шынын айтайын, ол кісінің менмін деген мықты журналистердің жазғанын түзеп жіберетіндей мүмкіндігі бар. Қазақшасы өте жақсы. Қазақша мәтіндерді емін-еркін редакциялап, кейбір журналистердің ойына орала бермейтін оралымдарды қосып жібергенін көріп, талай таңғалғаным бар.

Тегтер: