4 Қараша 18:44
...

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ешқандай да ұлтаралық қақтығыс болған жоқ!

Фото:

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Алматы облысындағы Пенжім ауылында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.

Алматы, NEGE. «Мектептегі кәдімгі топтық төбелес болған. Бұған жол беруге болмайды. Мектеп қабырғасында жарақат алу – айтарлықтай төтенше жағдай! Азаматтардың наразылығында негіз бар. Бұдан әрі жастардың бұзақылығына жалғасқан. Мұның алдын алуға, тоқтатуға болар еді. Бірақ олай істелмеген. Ал ақпараттық кеңістікте бұл оқиға айқын ұлтаралық реңк алды.  Мұнда ешқандай да ұлтаралық қақтығыс болған жоқ! Бірақ белгілі бер арандатушылар мен елімізге жамандық ойлайтындар бұл оқиғаны осылай көрсетуге тырысты», – деп мәлімдеді Президент.

Мемлекет басшысы арандатушыларға қарсы шара қолданбаған құқық қорғау органдары мен Президент әкімшілігін сынады.

«Мұндай жайттар назардан тыс қалмауы керек. Арандатушылар мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне зор зиян тигізеді. Сондықтан да бұл оқиғадан дұрыс қорытынды шығаруымыз керек», – деді Қ.Тоқаев.

Естеріңізге салайық, 28 қазан күні Алматы облысының Панфилов ауданындағы Пенжім ауылында мектеп оқушылары төбелесіп, 16 жастағы жасөспірім ауруханаға түскен. Сол күні оқиғаның соңы бұзақылық әрекеттерге ұласып, жергілікті тұрғындардың дүние-мүлкі бүлінген.

Алғашқыда жергілікті билік бұған «ешқандай да ұлтаралық қақтығыс емес» деп баға бергенімен, 3 қараша күні ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің бөлім басшысы Әсет Оспанов Пенжім ауылында болған оқиғаны «ұлттық бөлінушілік деп атаған.

Сонымен Пенжім оқиғасы «ұлтаралық қақтығыс» па, әлде «бұзақылық» па?

Бұл сұрақтың жауабын Мемлекет басшысының өзі беріп, шетін мәселеге нүкте қоюына тура келгендей.

Тегтер: