29 Қыркүйек 12:13
...
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелла келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті.
Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен бұрыннан келе жатқан серіктестікті растайды.
– Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін, – деді Қазақстан Президенті.
Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқталды.
– Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын, – деді Италия Президенті.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониге сәлемі мен ықыласын жолдады.