29 Қыркүйек 15:41
...

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелла БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме жасады

Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Президенті Серджо Маттарелла БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлады Ақорда.

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қос мемлекеттің түрлі бағыттағы ынтымақтастығы уақыт өткен сайын арта түсуде.

– Саяси диалогымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономика саласында берік ықпалдастық орнаттық. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 20 миллиард долларға жетті. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 миллиард доллар болды. Италия – біздің ең ірі инвестициялық серіктесіміздің бірі. Қазақстанда 250-ге жуық италиялық компания табысты жұмыс істеуде. Бұл ел Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бері шамамен 7,6 миллиард доллардан астам қаражат құйды. Осы бағыттағы қарым-қатынасымыз ойдағыдай дамуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Италия Президентімен мазмұнды келіссөз жүргізілгеніне назар аударды. Кездесуде Президенттің былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылаған. Cонымен қатар тараптар ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелескен.

– Өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келістік. Тауар түрін көбейту үшін, ең алдымен, іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет. Бұл – маңызды міндет. Сондай-ақ біз екі елдің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды қарастыратын болдық. Әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі салаларына баса назар аудардық. Осы жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беруі қажет деп санаймыз. Көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесін пысықтадық. Халықаралық көлік дәліздерінің, соның ішінде Транскаспий дәлізінің әлеуетін сөз еттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.