Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Сүлейменовті 90 жас мерейтойымен құттықтады
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің шаңырағына барып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Астана, NEGE. Құттықтау хатында Мемлекет басшысы Олжас Сүлейменовтің ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың дамуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өткен.
«Сіз Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де көрнекті ақын, терең ойлы қаламгер әрі беделді қоғам қайраткері ретінде сый-құрметке ие болдыңыз. Сіздің гуманистік идеяларыңыз ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың асыл мұрасына айналып, әлемге кеңінен танылды. Бірегей шығармашылығыңыз арқылы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз», – делінген Президент құттықтауында.
18 мамырда ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, қоғам қайраткері, дипломат әрі түркі әлемінің көрнекті ойшылы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды.
Олжас Сүлейменовтің есімі отандық әдебиет тарихы мен еліміздің мәдени дамуында айрықша орын алады. Оның поэзиясы, «Аз и Я» секілді іргелі еңбегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуына зор үлес қосты.
Оның «Невада – Семей» антиядролық қозғалысын құру бастамасы азаматтық жауапкершіліктің, бейбітшілікке ұмтылыстың және адамзат болашағын қорғаудың символына айналды.