USD
USD
USD

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясын ашты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа құрылған бір палаталы парламент – Құрылтайдың бірінші сессиясын ашып, алғашқы құрамның депутаттарына айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтты.

Парламент
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Осылайша Астанада Құрылтайдың бірінші сессиясы өз жұмысын бастады. 

«Баршаңызға бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы құтты болсын! Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз. 

Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз», – деді Құрылтайдың ашылуында сөз алған Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы Қазақстанның құқықтық негізін нығайта түседі.Сондай-ақ депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек екені ерекше атап өтілді.

«Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса Тоқаев Қазақстанда жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты іске асып, Халық Конституциясы қабылданғанына тоқталып өтті.

«Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, «бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді».

Еске салсақ, 23 тамызда Қазақстанда бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Сайлауға жеті партия қатысты. 25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауында дауыс берудің түпкілікті қорытындыларын жариялады. Сайлау қорытындысы бойынша 71,17% дауыс жинаған «Әділет» партиясы жеңімпаз атанды. Бұл партияға 6 528 948 адам дауыс берген.

Сайлау нәтижесінде Құрылтайда «Әділет» партиясы – 110, «Ауыл» – 10, Respublica – 9, ал ЖСДП мен «Ақ жол» партиялары 8 орыннан иеленді.

Сайлаушылар дауысының 5 пайыздық шегін жинай алмаған Қазақстан халық партиясы мен «Байтақ» жасылдар партиясы Құрылтайға өтпеді.

Қазір оқып жатыр

Құрылтайды кім басқаратыны белгілі болды

.

Президент әр облыс пен ауданда ерекше балаларға арналған орталықтар салуды тапсырды

Ерекше балаларға арналған орталық

Тоқаев: Артқа шегінер жол жоқ

Тоқаев

Бектенов басқарған Үкімет отставкаға кетті

Үкімет