Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың қорытындысын шығарды
Turkistan басылымына сұхбат берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асқанын айтты.
Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, соңғы бір жыл Қазақстан үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Экономика оң өсім көрсетіп, бірқатар рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалы, ел экономикасы 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 млрд доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты.
«Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.
Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның реформалар жолына түбегейлі бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деп атап өтті.
«АҚШ президенті Трамптың «ақылға сыйымды ой» стратегиясының ықпалымен жаһандану үдерісі кейінге ысырыла бастады. Біз де Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын табады», – деді президент.