8 Маусым 15:39
...

«Қашқан қаржыны» қайтаруға қашқындар көмектесе ме?

Фото:

Шетелге заңсыз шығарып әкеткен қаржыны қайтаруға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пәрмен берді де, арнайы комиссия құрылды. Комиссияның жұмысына Президент әкімшілігі қадағалау жасайды, ал Президент бәрін мұқият бақылап отыратынын ескертті.

Шетел асқан қыруар қаржыны қайтару үшін құрылған ведомствоаралық комиссияда кімдер бар?

Комиссия мүшелері мыналар: Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев, Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова, Қаржылық бақылау агенттігінің төрағасы Жанат Елиманов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов және Әділет министрі Қанат Мусин.

Комиссияға Бас прокурор Б.Асылов жетекшілік етеді. Бас прокурордың орынбасары да комиссия құрамына кіреді және комиссия төрағасының да орынбасары болып есептеледі. 

Бүгін Президенттің өкімімен ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев қызметінен босатылып, оның орнына Жандос Өмірәлиев Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды. Комиссия құрамына осы Ж.Өмірәлиев кіруі әбден мүмкін. 

Б.Асылов.

Байқасаңыз, комиссия құрамында қоғамдық ұйымдардан немесе шетелдіктерден ешкім жоқ. Әрине, Қазақстаннан «қашқан» қаржыны қайтару – ең алдымен мемлекеттік органдардың шешуге тиіс мәселесі. Ал енді бұл шаруа Б.Асылов жетекшілік ететін осы құрамдағы комиссияның қолынан келе ме?

Ақорданың босағасын жиі аттайтын тұрақты оқырманымыздың айтуынша, комиссия құрамына сырттан адам қосылуы мүмкін. Әрине, бейресми түрде. Ол кім болуы мүмкін? Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр сияқты біреуді тарта ма?

«Естеріңізде болса, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр біраз уақыт Н.Назарбаевтың кеңесшісі болды. Бірақ мұндай нәрседен блэрлердің талай мәрте аузы күйген. Сондықтан да халықаралық деңгейде аты бар тұлғалар шетелдегі ақшаны қайтару жөнінде Қазақ билігіне ашық кеңес айта қоюы неғайбыл.

Т.Блэр.

Сол себепті билік сырттағы «өз адамдарымызды» пайдалануға тырысатын шығар. Мәселен, Назарбаевтың тұсында қуғын көріп, шетел асқандардың көмегі көп тиюі мүмкін», – дейді тұрақты оқырманымыз.

Олай болса, комиссияның жұмысына кім астыртын араласуы мүмкін? Әкежан Қажыгелдин бе, ағайынды Рысқалиевтер ме, әлде Мұхтар Әблязов пе?    

Тегтер: