«Қашқан» қаржы: Кипрге жасырылған миллиардтар қайта ма?

Кеше Никосия қаласында Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттарға қол қою рәсімі өтті. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
«Шарттарға Бас прокурор Берік Асылов пен Кипрдің Әділет және қоғамдық тәртіп министрі Стефи Драку қол қойды.
Ұстап беру туралы шарт тараптарға бір мемлекетте қылмыс жасаған және екінші мемлекетте жасырынып жүрген іздеудегі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және сот үкімдерін орындау үшін экстрадициялауға мүмкіндік береді.
Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт екі елдің құқық қорғау және арнайы органдарына күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсінің дәлелдемелерін алуға, соның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті тәркілеуге және оларға тыйым салуға мүмкіндік береді.
Шарт Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысына көмегін тигізеді.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында бас қадағалау органының басшысы Кипрдің Бас прокуроры Джордж Саввидиспен және осы елдің Ішкі істер министрі Никос Нуриспен кездесулер өткізілді.
Тараптар халықаралық қауіпсіздіктің бірқатар құқықтық мәселелері бойынша, оның ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде пікір алмасып, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты алдын алу және оның жолын кесу, сондай-ақ азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы үйлестірілген іс-қимылдардың маңыздылығын атап өтті.
Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасының құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі одан әрі бірлескен қадамдарды белгілей отырып, қылмыстардың өзекті түрлеріне қарсы күресте күш-жігерді шоғырландыру туралы уағдаласты», – деп жазды заңдылықты қадағалаушы бас орган.
Кипр туралы алыпқашпа әңгіме көп. Еуро одақ аумағында жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлер үшін Кипрде жеңілдік көп. Содан болар, бұл елге заңды-заңсыз ақша ағымы толастар емес.
Бұдан он жыл бұрын қазақстандықтардың Кипрдегі салымы 1 млрд еуродан асатын. Одан бері бұл сома бірнеше есеге көбеймесе, азайған жоқ. Әсіресе, Қаңтар оқиғасынан кейін «қашқан» қаржының бір бөлігі Кипрді тапқаны анық.
Сыртқа тасылған қаржыны қайтару үшін президент Қ.Тоқаев ведомствоаралық комиссия құрғызып, оған бас прокурор Берік Асыловты жетекші етіп қойған. Бұдан бөлек, «Елге қайтару» деп аталатын қор құрылған. Бұл қордың да мақсаты – ұрланған қаржыны елге қайтару. Қордың құрылтайшысы – Болат Әбілев, жетекшісі – Оразалы Ержанов.
Фото: Азаттық
Әзірге ведомствоаралық комиссия да, «Елге қайтару» қоры да нақты нәтижеге қол жеткізе алған жоқ.