19 Сәуір 17:53

«Қашан туасың?» – «Қазақтелеком» мен Salem Entertainment TV+ платформасында отбасылық жаңа драманы көрсетеді

Кино
Фото: Фото: Қазақтелекомның баспасөз қызметі

Қазақстанның ірі телеком-операторы мен Salem Entertainment продюсерлік компаниясы 17 сәуірден бастап Kazakhtelecom TV+ платформасында «Қашан туасың?» атты кезекті бірлескен жоба – 12 сериялы отбасылық мелодраманы көрсетуді бастады. 

Туынды «Қазақтелеком» мен Salem Entertainment-тің биылғы екінші бірлескен өнімі болып отыр, ал екі компанияның ынтымақтастығы басталғалы бері бұл жетінші жоба.

2021 жылдың наурызында «Қазақтелеком» АҚ TV+ телевизиялық платформасын іске қосқан болатын, ол өз пайдаланушыларына цифрлық телевизия мен стримингтік платформаның мүмкіндіктерін біріктіре отырып, кез келген талғамға сай контентті шекесінен шертіп жүріп таңдауға мүмкіндік берді. Сол кездің өзінде ірі телеком-оператордың басшылығы отандық контенттің көптеп пайда болуына септігін тигізіп, онымен эфирді толтыруға мүдделі екенін мәлімдеген болатын.

2023 жылдан бастап Kazakhtelecom TV+ платформасында еліміздің телекоммуникация нарығы көшбасшысының Salem продюсерлік орталығымен бірлесіп әзірлеген өнімдері бірінен соң бірі шыға бастады – алты туынды («Қара аула», «Қарға», «Шеше», «Шағын және орта Бургер», сондай - ақ «1286») нағыз бестселлерлерге айналып, былтыр TV+ платформасының гаджеттерге жүктелу санын 3,7 есеге арттырды, әрі ақылы жазылымдар осы телехикаялардың арқасында он есеге жуық өсті.

Қазақтелеком
Фото: Қазақтелекомның баспасөз қызметі

«Біз бастапқыда өз клиенттерімізге отандық киноөнімге және оның дамуына ерекше назар аудара отырып, бір алаңда ең жақсы контентті беруге ұмтылдық», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.

– Осы мақсатта Salem Entertainment компаниясымен ынтымақтастық құрып, былтыр бұл шешімнің дұрыс болғанына көзіміз жетті: бірлесіп әзірлеген, әрі Kazakhtelecom TV+ платформасында жарияланған барлық туынды көрерменнің үлкен қызығушылығын оятып, платформамыздың аудиториясын күрт арттырды. Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, наурыз айында біздің платформада «Ізгі ниетпен, алаяқ» атты көп сериялы телехикая шықты, ол да көрермен көзайымына айналды.

Енді міне, 17 сәуірден бастап TV+ сайтында пайдаланушыларымыз біздің жаңа бірлескен жобамыз – «Қашан туастың?» сериалымен таныса алады. Ол да өзге туындылар секілді қоғамымыздағы өзекті мәселелерді көтереді. Демек, үлкен аудиторияны бейжай қалдырмасы анық.»

Кино
Фото: Қазақтелеком

12 сериялы «Қашан туасың?» телехикаясы – Айнұр Ілиясованың продюсер ретіндегі алғашқы жұмысы. Келіншектер мен жас отбасыға қоғам тарапынан көрсетілетін қысымға қатысты өзекті мәселелерді көтеретін осы фильмнің авторы да өзі. Кинорежиссер ерлі-зайыптылардың өмірімен бірге қазақ қоғамының адамның жеке шекарасына бей-берекет қол сұғып, әдеп сақтамайтынын көрсетеді.

Жаңа жобадағы басты рөлді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі Бақытгүл Серікбаева сомдады, ол қазір Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етеді, әрі «Дос-Мұқасан» фильмі мен «Бозторғай», «Скорая» телехикаяларынан танымал.

Сюжеттің негізгі желісінен бөлек, әр серияда басты кейіпкер – Әдемінің пациенттерінің бастан кешкен оқиғалары да әңгімеге арқау болады. Жоба авторларының айтуынша, телехикая қыз-келіншектер ғана емес, ер-азаматтарға да қызықты болмақ: бұл мәселеге ер адамның көзқарасы Ермек Шынболатов сомдаған және Мирас есімді кейіпкердің көмегімен көрсетілген. Ермек Шынболатов – қазақстандық әртістердің жас буын өкілі, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер Академиясының түлегі. Қазіргі уақытта Әуезов атындағы театрда қызмет етеді, актер «Дәстүр» қорқынышты фильмінде басты рөлді сомдап, кинода танымал болған.

Кино
Фото: Қазақтелеком

«Қашан туастың?» – бұл өте өзекті мәселе, әлі бала сүймеген ерлі-зайыптыларға көрсетілетін қысым туралы әңгіме. Драма тұрғысынан біз тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігін барынша ашып, боямасыз көрсетуге тырыстық, дегенмен комедиялық элементтері де бар, өйткені кейбір адамдар сюжетті әзіл арқылы жеңіл қабылдайды. Біздің сериалды көрген соң көрермендер өздерінің таныстары мен туыстарына орынсыз сұрақ қоюды тоқтатып, бұл сауалдардың қаншалықты ауыр тиетінін түсінгенін қалаймын», – дейді фильм режиссері Айдын Сахаман.

Жаңа телехикаяның алғашқы үш сериясын Kazakhtelecom TV+ пайдаланушылары 17 сәуірден бастап көре алады, 4-5 серия 24 сәуірде шықса, 6-7 серияның алғашқы көрсетілімі 1 мамырға жоспарланған. Тағы бір аптадан кейін 8 мамырда платформада «Қашан туастың?» сериалының 8-9 сериясы, 15 мамырда – 10 және 11-эпизоды, ал соңғы серия 22 мамырда жарық көрмек. Сонымен қатар, туындыны YouTube-тен тамашалауға болады, бірақ онда 17 сәуірде әзірге тек бірінші серия жарияланған, сосын әр апта сайын, 3 шілдеге дейін осы видеохостингте сериалдың басқа сериялары жарияланып отырады.