USD
USD
USD

Қашағанның активтеріне салынған шектеудің бір бөлігі алынды

Атырау облыстық соты NCOC компаниясының мүлкіне қатысты кейбір шектеулерді заңсыз деп таныды.

Қашаған
Фото: ncoc_official/instagram.com

Астана, NEGE. Дегенмен оператордың жылжымайтын мүлкі мен көліктеріне салынған тыйым өз күшінде қалды.

«Атырау облыстық соты Қашаған консорциумының операторы – NCOC компаниясының апелляциялық шағымын ішінара қанағаттандырып, 2,36 трлн теңге көлеміндегі айыппұлды өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс аясында компанияның мүлкіне қатысты әрекеттерге тыйым салу туралы сот орындаушысының қаулысын заңсыз деп таныды», – делінген «Қазақстандағы мұнай және газ» Telegram-арнасында жарияланған хабарламада.

Бұған дейін сот орындаушысы NCOC-ға активтерінің азаюына әкелуі мүмкін әрекеттер жасауға шектеу қойған. Атап айтқанда, компанияға мүлкін сатуға, сыйға тартуға, басқаға беруге, есептен шығаруға және талап ету құқығын беруге тыйым салынды.

Апелляциялық сот жеке сот орындаушысының мүлікке қатысты жалпы тыйым салу туралы қаулысында нақты құқықтық негіз көрсетілмегенін анықтады. Сондай-ақ шектеудің не үшін қажет екені және оның нақты кімдерге қатысты қолданылатыны түсіндірілмеген.

Дегенмен жеке сот орындаушысының заң талаптарын сақтай отырып, мәжбүрлеп орындату шараларын қайта қолдануға құқығы бар.

Айта кетейік, NCOC-дан 2,356 трлн теңге экологиялық айыппұл өндіру мәселесі бірнеше жылдан бері сотта қаралып келеді. Айыппұлға 2022 жылғы тексеру кезінде Қашаған кен орнында күкірттің рұқсат етілген мөлшерден артық сақталғаны негіз болған. Тексеру нәтижесінде 773 мың тонна орнына 1,7 млн тонна күкірт жинақталғаны анықталған.

Қазір оқып жатыр

Қазақстандықтардың ағылшын тілін білу деңгейі «өте төмен» деп бағаланды

Студент қыз

Павлодарда Аграрлық несие корпорациясы филиалының басшысы 25 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді

Пара алу

Шахмұрат Мүтәліп «Алтыналмастың» ірі акционерлерінің қатарына қосылды

Шахмұрат Мүтәліпов

ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын жаңа жүйені сынап жатыр

Айжан Аймағанова