Қашаған операторы NCOC Ақтауға емхана салып берді
«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясында Маңғыстау облысында 200 орындық жаңа жұқпалы аурулар ауруханасын салып бітті.
Бұл 180 стационарлық кереует және жансақтау мен қарқынды терапия бөлімінің 20 кереуеті бар жаңа модульдік аурухана. «Жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға, оларды оқшаулауға және емдеуге бағытталған нысан коронавирус пандемиясының ықтимал екінші толқыны қарсаңында ерекше маңызға ие болып отыр», - деп жазады, NCOC баспасөз-қызметі.
-
Тақырыпқа орай: Құптарлық қайырымдылық! «Теңізшевройл» пандемия салдарынан тұралап қалған отандық компанияларға қол ұшын берді
Өңірде коронавирустық инфекцияның қаупінің сақталуына байланысты бұл жоба ел аумағында коронавирустық инфекцияның туындауын және таралуын болдырмау үшін ведомствоаралық комиссияның және Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылды.
2020 жылының 18 тамыз күні конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша «BI-Industrial» ЖШС мердігері іріктелініп, құрылысқа мың адамға дейін қатысты.
Аурухана Ақтау қаласының 1-а шағынауданында орналасқан және онда медициналық қалдықтарды залалсыздандыру ғимараты, көліктерді залалсыздандыру бекеті, оттегі концентраторы, орталықтандырылған оттегі және медициналық газбен жабдықтау жүйесі орнатылған.
Фото: NCOC баспасөз-қызметі
Аурухана ғимаратында әкімшілік бөлімі бар медициналық блок, қабылдау-диагностикалық бөлімі, операциялық блогы бар жансақтау бөлімі және галерея түріндегі дәлізбен байланысқан бес палата бөлімдері бар. Ғимарат изоляция мен отқа төзімділігі жоғары деңгейі MODEX темірбетон блоктарынан, сондай-ақ рамалық сэндвич-панельдерден құрастырылған.
Өнеркәсіптік модульдік тұрғын үй құрылысы технологиясының арқасында аурухана қысқа мерзімде салынды. Құрылыс нысанның жалпы көлемі 8064 шаршы метр құрайды, оның ішінде аурухана ғимараты 7600 шаршы метр.
Сонымен қатар, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы аясында NCOC компаниясы басқа да денсаулық сақтау нысандарын пайдалануға беріп отыр. Оның ішінде Форт-Шевченко қаласындағы 25 орындық емхана мен күндізгі стационар және Түпқараған ауданындағы орталық аудандық аурухананың балалар бөлімі мен басқа да нысандар бар.
Ал жақында, NCOC Ақтаудағы 100 кереуеттік онкологиялық орталықтың құрылысын аяқтап бітпек.