14 Шілде 18:02
...

KASE-де бәрі жақсы. НЕГЕ коронакризис кезінде Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық өсе бастады?

Фото:

Қазақстан қор биржасы жарты жылдықтың қортындысын шығарды. Алты айдың ішінде алып-сатылған акциялардың ақшалай көлемі 71,5 триллион теңгені құрап отыр. 2020 жылмен салыстырғанда биржаға жан біткені байқалады. Биржа көлемі 16,3 пайызға өскен.

Отандық биржада жарты жылда 168 миллиард долларға сауда-саттық жасалады деп бұған дейін ешкім ойламаса керек. Репо және валюталық своп операцияларының айналымы 61,9 миллиард теңге, мемлекеттік құнды қағаздар нарығы 1,7 триллион теңге, қарапайым акциялар нарығы 74,9 миллиард теңге, корпоративті облигациялар саудасы 825,2 миллиард теңгені көрсеткен.

«Қазір бізде 20-ға жуық өтімді акциялар бар», – дейді Қазақстан қор биржасының басқарма төрайымы Алина Алдамберген. «Ал сұраныс жағынан қарасақ, оның ішінде ресейлік және шетелдік құнды қағаздардың үлесі үлкен».

«Біз KASE индексіне негізінен қазақстандық акцияларды қосамыз. Қазір бізде Kaspi.kz GDR-лары сатылуда. Егер ол акциялар бойынша сауда-саттық көлемі артса, онда Kaspi.kz индекске кіре алады. Ол дұрыс болар еді»

Қазір индекстік акциялар арасында бағаның ең елеулі өсуін Халық банкі көрсетіп отыр. Оның қарапайым акцияларының бір данасы жарты жылда 11,4 %-ға, яғни 170,5 теңгеге дейін қымбаттаған. Акциялары ең қатты өскен үздік үштікке «Қазатомпром» мен «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниялары да енді.

«Ликвидті қаржыға сұраныс көп, сонымен бірге базалық ставкадан жоғары кірістілікке қызығып отырған инвесторлар да аз емес», – деп түсіндіреді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

«Екі тараптың да биыл ерекше белсенділік танытуы осындай өсімге алып келді. Сөзсіз, біздің KASE Орталық Азия кеңістігіндегі ең қуатты биржа болып отыр. Заңнама бойынша жеке инвестордың Қазақстан қор биржасында тапқан табысына салық салынбайды. Бұл да азаматтардың отандық биржаға қызығуына себеп болды»

Қазір Қазақстан қор биржасында өз құнды қағаздарын саудалау үшін 183 компания тіркелген. Ал акциялар сатып алу үшін азаматтар 171 325 жеке шот ашыпты.

Соңғы айда ғана ашылған шоттар саны 8 мыңнан асқан.

Тегтер: