«Қаржылық диета» бензин бағасын тұрақтандырады
«Бензин 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін» деген ақпарат елді біраз дүрліктірді. Nege.kz экономикалық сарапшылар тобы мәселені сараптап, байыбына жетуге тырысты.
Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің айтуынша, бензиннің бағасына ешкім тікелей әсер ете алмайды. 10 теңгеге қымбаттайын деп жатқан тек жанармайға салынатын акциз ғана. 2020 жылдан бастап акциздің бағасы жанармай литріне қазіргі 8 теңгеден 18 теңгеге дейін көтерілмек. Ал бензин бағасы өсе ме, оны тек нарықтың өзі шешуі тиіс.
Кейбіреулер мұны «жерден жеті қоян тапқандай» қоздыра, түрлендіре жазып жатыр. Бірақ бұл бір «керемет» жаңалық емес. Естеріңізде болса, Үкімет осы жылдың басынан бастап акциз құнын литріне 8 теңгеден 18 теңгеге дейін көтергісі келген. Бірақ Министрлер кабинетінің шешімімен ол бір жылға кейін шегерілді. Акциздің өсуі бензин бағасына қаншалықты әсер етеді дегенде, макроэкономистер тарапынан жан-жақты зерттеулер жасалып, акциздің қымбаттауы тұтынушы бағалар индексін небәрі 0,35 пайызға арттырады деген болжам туған болатын.
Бір жыл бұрын Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов басқа елдерде акциз сомасы жанармай литрі бағасының жартысына жететінін айтып, біздегі акциздің үлес салмағының аздығы бюджетті шаш-етек шығынға батырып отыр деген. Сарапшылар экономика министрлігінің біздің бензинді Ресейге тасымалдауын, шекаралас ауылдарға Ресейден көліктер келіп, тонналап жанармай құйып алып кетуін «көрші елдің экономикасын субсидиялаумен тең» деген пікірімен келіседі.
Және бір мәселе мынау: жалпы, бензин акциз қымбаттаса да, өз бағасын сақтап қала алады. НЕГЕ? Себебі қазіргі бензиннің бағасында акциз айтарлықтай рөл атқарады деп айта алмаймыз. Ең үлкен рөл ойнайтын нәрсе – алыпсатарлардың, бензин маңайында жүрген пысықтардың, ірі жанармай құю стансалар желісі қожайындарының көп ақша табуға деген тәбеті. Егер олар өз арандарын азайтып, «қаржылық диетаға» отырса, бензин бағасы өзгеріссіз қалмақ.
Еліміздің тарихында акциз бағасы өсіп, ал жанармай бағасы өзгеріссіз қалған жағдайлар болған. Келесі жылы да сол көрініс қайталануы мүмкін. Сондықтан, мәселені түсінбей, 10 теңге үшін өңеш жыртудың қажеті жоқ.