«Қаржыландыру қысқарса, әлемде ВИЧ індеті қайта өршуі мүмкін» – БҰҰ
Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық қаржыландырудың азаюы АИТВ-мен күреске қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеді. Егер жағдай өзгермесе, 2030 жылға қарай жыл сайын жаңа жұқтыру жағдайларының саны 3 миллионнан асуы ықтимал.
Астана, NEGE. БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі бірлескен бағдарламасы (UNAIDS) жариялаған жаңа баяндамада соңғы жылдары індетпен күресте айтарлықтай ілгерілеу болғанымен, қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығы күмән тудыратыны айтылған.
Ұйымның мәліметінше, 2025 жылы әлемде 1,2 миллион адам АИТВ жұқтырған. Сонымен қатар 21 елде жаңа инфекция жағдайларының саны артқан.
Қазіргі таңда АИТВ-мен өмір сүріп жатқан шамамен 41 миллион адамның 9 миллионы қажетті ем қабылдамайды. Ал вирус жұқтырған балалардың жартысына жуығы антиретровирустық терапияға қол жеткізе алмай отыр. Өткен жылы ЖИТС-пен байланысты аурулардан 570 мың адам көз жұмған.
UNAIDS сарапшылары егер шұғыл шаралар қабылданбаса, 2030 жылға қарай жыл сайынғы жаңа жұқтыру жағдайлары 3 миллионнан асып, індеттің қайта күшею қаупі туындайтынын ескертеді.
Мамандардың бағалауынша, жаңа инфекциялардың санын айтарлықтай азайту үшін кемінде 20 миллион адамды антиретровирустық профилактикамен қамту қажет.
Баяндамада АИТВ-ның алдын алу бағдарламалары көбіне халықаралық донорлардың қаржысына тәуелді екені атап өтілген. Алайда 2025 жылы бұл бағыттағы қаржыландыру 18%-ға қысқарып, 7,3 миллиард долларға дейін төмендеген. Бұл – соңғы жиырма жылға жуық уақыттағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
UNAIDS атқарушы директоры Винни Бьянима ғылыми жетістіктердің өзі барлық адамға қолжетімді болмаса, олардың пайдасы шектеулі болатынын айтты.
«Ғылым бізге бұрын мүмкін емес болып көрінген құралдарды ұсынды. Бірақ инновациялар адамдарға қолжетімді болмаса, бұл әділетсіздікке айналады. Табыс дәрінің бар-жоғымен емес, оған мұқтаж адамдардың оны қолжетімді бағамен ала алуымен өлшенеді», – деді ол.
Айта кетейік, 27–31 шілде аралығында Халықаралық ЖИТС қоғамы ұйымдастыруымен Рио-де-Жанейро қаласында 26-шы Халықаралық ЖИТС конференциясы өтіп жатыр. Осы алаңда UNAIDS үкіметтер мен халықаралық серіктестерді АИТВ-мен күреске арналған тұрақты қаржыландыруды қайта күшейтуге шақырды.