10 Қараша 15:38
...

Қаржы вице-министрі мобильді аударымдарға қатысты өзгеріс енгізілетінін айтты

Фото:

Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев мобильді аударымдарға қатысты салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

Алматы, NEGE. Оның айтуынша, кәсіпкерлер тауар немесе қызметті сатқанда мобильді аударымдарды пайдаланса, онда бөлек есепшот ашылуы керек.

“Ал төлейтін адам кімге және не үшін ақша аударғанын көрсетуге құқығы бар. Мысалы, қазір ондай мүмкіндік жоқ. Жай ғана "мобильді ақша аудару" ғана бар. Ал "мобильді төлем" деген жоқ. Біз сол төлемді заңға енгізіп отырмыз", - дейді Сұлтанғазиев. 

Сұлтанғазиевтің айтуынша, алдағы уақытта мобильді қосымшаларда "ақша аударымымен" қатар "мобильді төлем" де болады. Тұтынушылар өз еркімен қажетті қызметті таңдайды. Туған-туыстарына ақша аударса, сауда-саттық жасағанда мобильді төлем жасайды. Сонда тұтынушылардың құқығы да сақталады. Тауардың түбіртегі беріліп, артынан сапасыз өнім үшін талап қоюға болады.

"Мысалы, сіз жай ақша аудара салсаңыз, одан кейін тұтынушы ретінде құқығыңызды пайдалана алмайсыз. Кәсіпкер болса, салық төлемеуі мүмкін. Ал мобильді төлемнен кейін түбіртек берілуі шарт. Тауар сапасыз болса, оны ауыстыруға мүмкіндік болады", - деп атап көрсетті Сұлтанғазиев.

Осы орайда вице-министр мобильді ақша аударыммен пайда тауып жүрген кәсіпкерлерді анықтау тәртібіне тоқталды. 

"Оны да жаңа заң жобасына енгіздік. Бізде қауіп-қатерлерді басқару жүйесі бар. Соның аясында мобильді ақша аударыммен пайда тауып жүргендер анықталады. Мысалы, бір адамға күніне 15-100 адамнан ақша жіберсе, ол кәсіпкерлік белгісі болып саналады. Банктер ондай адамдардың тізімін бізге беріп тұрады. Біз оны ары қарай зерттейміз. Жай ақша аударым емес, төлем екенін дәлелдейміз. Негізі, тәртіп бұзушылық дәлелденсе, алдымен ескерту жасалады. Одан кейін айыппұл салынады", - дейді вице-министр.

Тегтер: