6 Желтоқсан 15:47
...

Қаржы нарығын бақылайтын жаңа агенттіктің төрағасы кім болады?

Фото:
29 қарашада Ұлттық банк қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау

жұмыстарынан «құтылатынын», бұл өкілеттілік жаңа жылдан бастап құрылатын Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі Агенттікке (ҚНРБА) берілетінін ресми хабарлады.

Агенттікке берілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі 34 пункттен тұрады және онымен мына жерде толығырақ танысуға болады.

Жалпы бұл агенттік бізге тансық емес. 2004-2011 жылдар аралығында ол Қаржы нарығын бақылау агенттігі деген атпен жұмыс істеді. Тек 8 жыл бұрын Елбасының жарлығымен Агенттік Ұлттық банкке қосылып, дербес орган ретінде өз жұмысын тоқтатқан. Оны қайтадан жаңғырту Ұлттық банктың ішіндегі мүдделер қарама-қайшылығына байланысты болып отыр. Мысалы қазір Ұлттық банк өзі атқарған шаруасын өзі тексеріп, өзі бағалауға мәжбүр. Жалпы, экономистер әлемдік тәжірибеде бірінші дейгейлі орталық банктер тек ақша-кредиттік саясат пен инфляцияға жауап береді дейді. Қалған функциялар Ұлттық банктың негізгі саясатына қайшы келеді.  

Қазіргі таңда елдегі қаржы нарығының басты интригасы «Жаңа агенттікті кім басқарады?» деген сұраққа тіреліп отыр. ҚНРБА тек Мемлекет басшысына тікелей бағынышты болғандықтан, агенттік төрағасын Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тағайындайды. Ол қандай фигура болмақ? Nege.kz сарапшылары елдегі экономистер арасында анонимді сауалнама жүргізіп, агенттікті басқаруы мүмкін 4 үміткердің атын атады.

Данияр Әкішев. Ұлттық банктің экс-төрағасы. Ұлттық банкке тәуекелге байланысты қадағалау идеологиясын алып келген қаржыгер. Оның негізі бар тұжырым саясаты (мотивированное суждение) қаржы нарығын әлсіз, көтерем ұйымдардан тазалауға мүмкіндік берді. Біраз банктің құлдырауынан кейін, қаржы ұйымдарын қатаң тексеретін AQR жүйесін енгізіп үлгерді. Бірақ, AQR-ді аяқтап үлгере алмады, енді ол бойынша жұмысты қадағалаушы органның қазіргі төрағасы Ерболат Досаев жүргізіп отыр. Сарапшылар «қаржы нарығын бақылауда Әкішевтің жинақтаған тәжірибесі мен білігі мол екеніне назар аударады және Елбасының жанында жүргендіктен, оның саяси салмағын да естен шығаруға болмайды» дейді. Біздің ойымыз да осыған саяды, Әкішев – жаңа агенттікті басқаруы мүмкін ең бірінші үміткер.

Үміт Шаяхметова. Халық банкінің ұзақ жылдан бері келе жатқан басшысы. Тәжірибелі қаржыгер. Халыққа өз ойын ашық айта алатын батылдығымен мәлім. Үміт Болатханқызы қаржы нарығындағы түйіткілдерді жақсы біледі және ұйымдарды тексеруге біліктілігі жетеді. Бірақ оның тағайындалуы тек үлкен саяси шешімге байланысты болмақ. Әңгіме топ-менеджер ұзақ жылдан бері басқарып келе жатқан банк акционерлеріне байланысты. Егер олар Үміт Болатханқызының қаржы нарығын тұтастай қадағалауына мүдделі болса, сонымен қатар Халық банкінде оның орнын алмастыра алатын менеджер таба алса, онда біз Шаяхметованың карьерасындағы жаңа белестерге куә болуымыз мүмкін.

Елена Бахмутова. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы. 2011 жылы жабылып қалған Қаржы нарығын бақылау агенттігін басқарған тәжірибелі маман. Саланың қыр-сырын жақсы біледі. Алайда сарапшылардың басым көпшілігі оның қайтып келуі екіталай деген пікірде. Елена Леонидқызы басқарған кезде «агенттік экономика үшін басы артық орган» деп саналған. Сондықтан,сарапшылар пікірінің жаны бар.

Болат Жәмішев. Осы жылдың сәуір айында Қазақстан даму банкінің басшылығынан өз еркімен кеткен қаржыгер. Ол мемлекеттік секторға қайта орала ма? Әңгіме осында. Сарапшылардың пайымдауынша, Қаржы нарығын бақылау агенттігінің алғашқы төрағасы болған маманның мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуге еш құлқы жоқ. Бірақ жаңа агенттік жұмысына үлкен серпін бере алатын біліктілігі бар. Сәуір айынан бері оған бірнеше жерге шақырту түскені анық. Бірақ қызметтен көргеміз жоқ. Жаңа агенттікке де келу-келмеуі екіталай.

Түйін: «Агенттіктің жаңа басшысы қандай болуы керек?» деген сұраққа экономист  Мұрат Темірханов Forbes.kz-ке берген сұхбатында «реформаларды жүзеге асыру үшін алдында қандай жұмыстар күтіп тұрғанын білетін және соған дайын адам керек» деп пікір білдірген еді. ҚНРБА-ның тиімділігі және өміршеңдігі оның басшысына тікелей байланысты. Сондықтан, бұл тақырыптың стратегиялық маңызы бар.

Nege.kz экономикалық сарапшылар тобы

Тегтер: