Қаржы сарапшысы: Базалық мөлшерлеме – нарықтағы ақшаның құны
Қаржы сарапшысы Әсел Әуелбекова базалық мөлшерлеменің не үшін маңызды екенін және оның несие құны мен экономикаға қалай әсер ететінін түсіндірді.
Астана, NEGE. Әсел Әуелбекованың айтуынша, базалық мөлшерлеме – нарықтағы ақшаның құнын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Қазақстанда базалық мөлшерлемені бірінші деңгейлі банк – Ұлттық банк белгілейді. Ал екінші деңгейлі банктер осы мөлшерлеме арқылы Ұлттық банктен қаражат тартады. Ұлттық банк 4 қыркүйекте базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткен болатын.
Сарапшының түсіндіруінше, екінші деңгейлі банк Ұлттық банктен белгілі бір мөлшерлемемен қаражат алғаннан кейін оған өз шығындары мен маржасын қосып, халық пен бизнеске несие береді.
«Екінші деңгейлі банк Ұлттық банктен ақшаны кемінде 15 пайызбен алған соң, оған өз маржасын, қызметкерлерінің жалақысын, кеңсе жалдау ақысын, инфрақұрылымға қызмет көрсету шығындарын қосады. Мысалы, осындай мөлшерлеме кезінде бизнес пен халыққа берілетін несие 20 пайыз болуы мүмкін. Егер базалық мөлшерлеме өссе, бұл бизнес пен халық үшін несиелердің қымбаттайтынын білдіреді», – деді Әуелбекова NEGE арнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, несие құнының өсуі халықтың тұтынуын азайтып, инфляцияны тежеуге ықпал етуі мүмкін. Алайда сарапшы Қазақстанда несие қымбаттағанына қарамастан, азаматтардың қарыз алуын жалғастыратын жағдайлар да бар екенін атап өтті.
«Кейде несие мөлшерлемесі өссе де, адамдар сатып алуды жалғастырып, қарызға бата береді. Яғни, олар ақшаның құнын әрдайым есептей бермейді. Мысалы, бұған дейін бизнеске банктер қаржыландыруды 20 пайызбен берсе, енді ол 23 пайызға өсті делік. Бір, екі, үш пайыздың өзі бизнес үшін айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлер өндіріс көлемін азайтуы мүмкін және әрбір бизнес мұндай қымбат несиені алғысы келе бермейді», – деді қаржы сарапшысы.
Оның сөзінше, базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің экономикалық белсенділікке ықпал ететін құралдарының бірі. Мөлшерлеме көтерілсе, қарыз алу қымбаттап, экономика баяулауы мүмкін. Ал мөлшерлеме төмендесе, ақша арзандап, бизнес пен халықтың қарыз алу белсенділігі артпақ.
Банктер Ұлттық банктен не үшін қарыз алады?
Қаржы сарапшысы екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банктен қаражат тартуы қалыпты нарықтық механизм екенін айтты. Оның пікірінше, банктердің өз капиталы барлық клиенттердің қажеттілігін үнемі өтеуге жеткілікті бола бермейді.
«Іс жүзінде барлық жүйе осылай жұмыс істейді. Ақша қан айналым жүйесі сияқты үнемі айналымда болуы керек. Бүкіл жүйе жұмыс істеуі үшін банктер бір-бірінен үнемі ақша қарыз алады. Банктің өз капиталы мен қаражаты барлық клиенттерінің қажеттілігін өтеуге әрдайым жете бермейді», – деді ол.
Әуелбекованың айтуынша, банктер арасындағы қысқа мерзімді ақша қозғалысы, соның ішінде РЕПО операциялары арқылы қарыз алу да қаржы жүйесінің қалыпты жұмыс істеу тетіктерінің бірі.