Қаржы министрлігі қымбат көлік, жылжымайтын мүлік, яхта және алкогольге салынатын салық мөлшерлемелерін нақтылады

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа Салық кодексінде көзделген қымбат тауарларға арналған салықтар мен акциздер бойынша түсініктеме жариялады.
Алматы, NEGE. Сән-салтанат деп саналатын және қосымша салық салынатын мүлік түрлері:
1. Қымбат көліктер
Егер көлік құны 18 000 АЕК және одан жоғары болса (бұл 70 миллион теңгеден көп), онда оның құнына 10% мөлшерінде акциз салығы салынады.
2. Яхталар мен ұшақтар
Егер олардың құны 24 000 АЕК және одан жоғары болса (шамамен 100 миллион теңге), онда 10% акциз салығы төленеді.
3. Қымбат алкоголь
Егер алкоголь өнімі 500 000 теңгеден қымбат болса, әр литріне құнының 10%-ы мөлшерінде акциз салығы салынады.
4. Қымбат сигаралар
Егер бір темекінің құны 10 000 теңгеден жоғары болса, әр темекіге құнының 10%-ы мөлшерінде акциз салығы төленеді.
5. Қымбат жылжымайтын мүлік
Егер бір адамның атына тіркелген пәтерлер, үйлер мен саяжайлардың жалпы құны 450 миллион теңгеден асса, онда мүлік салығы мынандай мөлшерде есептеледі:
2 946 000 теңге + 450 млн теңгеден асқан сомаға 2%
Мүлік құны қалай есептеледі?
Пәтерлер, үйлер мен саяжайлардың құнын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы анықтайды. Бұл баға, әдетте, нарықтағы бағадан төмен болады, яғни сату бағасынан арзан. Сондай-ақ сән-салтанат коэффициенті қолданылады (әдетте, ол 1-ге тең). Алайда жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) оны 1,5-ке дейін (яғни 50%-ға) көтере алады.
Мысал: Егер адамның мүлкі 450 млн теңгеден көп болса,
салық = 2 946 600 теңге + 2% 450 млн теңгеден асқан сомаға тең болады.
Ал егер мүлік құны 450 млн теңгеден аз болса — әр үй немесе пәтерге жеке салық есептеледі.