«Дүкеннің алдына қызғылт-сары Accent автокөлігі келді. Одан Дидар Ғалиахмет бауырларымен 3 адам болып түсті. Кейін артынан Мерседес автокөлігі келіп тоқтады. Кейін тағы бір сұр түсті көлік келді, балалар топырлап кеткен соң оны анықтап қарай алмадым. Ол көліктен Равиль шықты. Дархан, Нұрболдар кеткен кезде мен, Шерзат, Нұрғанат үшеуміз дүкеннің ішіне кіріп, сөйлестік. Сол кезде мен балама түсіндірдім, оған кет дедім. Дүкенді жауып кетпек болдық. Нұрғанат дүкенді жауып кеткенде қашқандай боламыз, бұлар үй жаққа барады деп айтты. Нұрғанат Нұрболды сырттай таниды екен. Осы жерде мәселені шешіп кетейік деді. Мен онда бұл іске балам қатыспайды, ол кетсін деп. Балам кеткісі келеген жоқ. Үйге қайтарып жібердім. Біз бастапқы кезде ашумен Дидардың жаныдағы жігіттерге артық сөздер айттық. Жанында жүрген жігіттерге мен кінә тақпаймын. Дидар жайлы іс бойынша айтатын болсам, төбелестің ішінде болды. Бірақ, қандай іс-әрекет жасағанын мен нақты айта алмаймын. Нұрғанат бәрін таниды екен. Себебі, Нұрғанат пен Равиль, Нұрқияс арасында бұрын кикілжің болған. Кейін Шерзаттың достары келді. Оларды Шерзат шақырды деп ойламаймын. Өйткені олар дүкенге келу керек болған. Мен 102-ге хабарластым, олар телефонды алған жоқ. Сосын 103-ті шақырдым, олар да тұтқаны көтермеді. Оның барлығын тергеуде айттым, барлығы іс материалдарында бар. Сосын мен өзім жедел жәрдемде істейтін болғандықтан, Талғар ауданы бойынша жауапты басшыға хабарластым, ол да алмады. Кейін соңынан барып алған кезде төбелес басталып кетті. Мен оған не айтып жатқанымды өзім түсінбедім. Ары қарай Равиль мен Нұрғанат сөйлесті, менімен бірге дүкенге үш жігіт кірді. Олар сыра аламыз деді, мен дүкенді жабатынымды айттым. Кілтті алайын дегенде соққы тиді, Ахметтің даусы шықты. Сыртқа жүгіріп шығамын дегенде қорғану мақсатында қолыма пышақ алдым. Неге десеңіздер, Нұрбол «хуторскийміз» дегенде біз сескендік. Төбелес тоқтамайды, бұлар өзінікін жасап кетеді деген ой болды. Біз ауылда естіп жатамыз ғой. Бұлар қолдан келсе, бірге-бір шығып әңгіме шешпейді. Олар жабылып, қаншама адам жарақат алған. Көршіміздің өзін сол «хуторскийдің» балалары өлтіріп кеткен. Бәрімізді қорғау мақсатында пышақ алып шықтым. Ол май кесетін пышақ. Есікке жақындаған кезімде бұл жігіттер алдынан шығып кетті үшеуі де. Қыздар да бірге шығып кетті. Есікке жақындаған кезімде Шыңғыс пышақ шығарды. Үстінде жасыл күртешесі, басында кепкасы болды. Пышақ шығарғанда пышағы түсіп қалды. Мен шыға бергенде Азамат есікті тепті, мен ішке қарай құладым. Олардың тұрғанына қарамай, есікті итеріп шыққан кезде Дархан ішіп тырған сырасының шөлмегімен бетімнен ұрды. Мен есеңгіреген кезде артымнан Азамат қызыл кірпішпен жауырынымнан ұрды. Мен сол кезде құлап бара жатқан кезде Шыңғыс пышақпен қуып келді, пышақтың ұшы жауырыныма тиді, мен құладым. Сол сәтте мылтықтың даусы шықты. Мен кімнің атқанын, қалай атқанын көргенім жоқ. Мен жас балаларға қашыңдар дедім. Сол уақытта қарасам, ол жерде анам жүр екен, Шерзаттың анасы жүр екен. Қарасам Нұрғанат Ахметті төбелестің арасынан шығара алмай жатыр екен. шерзат Нұрқияспен, Нұрболмен төбелесіп кетті. Ол видеода көрініп тұр. Сол уақытта мен Абзалдың пышақ тыққанын көрмей қалдым. Бірақ, төбелестің ішінен Абзалды көрдім. Азамат Шерзатқа қарай жүгірді. Шерзат төбелес арасында «Папа, бірдеңе тығып алды, Нұрғанат бірдеңе тығып алды» деп айтып жатты. Шерзатқа қарай Нұрғанат пен Гүлбара бара жатты. Мен анама қарай жүгірдім, анам арыққа құлап қалған. Мен анамды отырғызып, жүгіріп барғанша жаңағыдай жағдайлар болды. Әйелім баласын құшақтап, ұрғызбай жатты. Сол уақытта сөйлеп жатқан баланы Нұрқияс мылтықпен басынан бірнеше рет ұрды. Үйден көршілер шыққанда, бұлар қаша бастады. Машинамды оталдырып келіп қарасам, баланың жүрегі соғып тұрды, Нұрғанаттың да жүрегі соғып тұрды. Екеуі де қансырап жатты, оларды көлікке салып алдым. Ауруханаға жеткізуге асықтым. Жолда кетіп бара жатып мен жылдамдықты асырдым. Сол кезде бала жылжып кетті. Көлікті тоқтатып, қайтадан жатқызайын дегенде балада пульс болмады. Аурухана апардым, екеуін реанимацияға кіргізді», – деді Қаржаубай Нұрымов.