«Карта да, телефон да жанында, ал біреу Дубайда ақшасын шешіп алған»: ForteBank тағы да сынның астында қалды

Threads желісінде ForteBank клиентінің шотынан белгісіз біреу 300 мың теңге шешіп алғаны туралы жазба жарияланды.
Алматы, NEGE. Құрбысының айтуынша, оқиға кезінде қыз ауылда жүрген. Оның картасы да, телефоны да өзімен бірге болған, ешкімге жеке деректерін бермеген. Соған қарамастан, ақша Дубайда шешілгені туралы хабарлама келеді.
«2025 жылы мұндай жағдайдың болуы мүмкін бе?! Менің құрбым ауылда демалып жатқан, картасы да, телефоны да өзінде болды. Ешкімге ештеңе бермеген. Ал бұл уақытта біреу Дубайда оның жалақысын (300 мың теңгені) түгелдей шешіп алған. Кодсыз, хабарламасыз, қашықтан», – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

Оның айтуынша, банк клиентіне қорғаныс немесе өтемақы ұсынбаған, керісінше, жауапкершілікті сол қыздың өзіне артқан:
«Қызметкерлер өздері не айту керегін білмейді: бірі халықаралық аударым жасалған дейді, екіншісі QR арқылы төлем болған дейді, үшіншісі мүлде басқа нұсқаны ойлап тапқан. Бір нәрсе анық – банк тарапынан деректер тарап кеткен. Бірақ оны мойындаудың орнына, бар кінәні клиентке жауып отыр».
Банк өкілдері болған жағдайға байланысты қазіргі уақытта тергеу жүріп жатқанын айтып, егжей-тегжейін мәлімдеуден бас тартқан.
Бұған дейін біз 2005 жылы кәсіпкер Олег Бахшянның ForteBank-тен 1,37 миллион доллар көлемінде несие рәсімдегенін, және Алматы облысы, Қарасай ауданындағы 10 гектар жер телімін кепілге қойғанын жазғанбыз. Бірнеше ай өткен соң, Бахшянның атынан біреу қосымша келісімдерге қол қойып, несиенің сомасын 2,4 миллион долларға дейін көбейткен. Алайда, борышкер бұл жоғдайдан хабарсыз болып келген.