10 Ақпан 13:11
...

Кәрім Мәсімовтің зәулім үйі 1,8 миллиард теңгеге сатылып жатыр

Мәсімовтың үйі
Фото: ҰҚК

Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке тиесілі үйге ұқсайтын үй сатылымға шығарылды. 

Алматы, NEGE. Нұра ауданындағы жертөлесі бар екі қабатты зәулім үйді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» сатып жатыр. Тиісті лот E-Qazyna электронды сауда алаңының сайтында жарияланған.

Бұл үйдің фотосуреттері ҰҚК 2022 жылы Мәсімов қамауға алынғаннан кейін жарияланған суреттерге толығымен сәйкес келеді. Ол кезде тергеу барысында Мәсімов премьер-министр болып тұрған кезде бизнестен елордада құны шамамен 2,5 миллиард теңге тұратын элиталық қонақ үй мен жер телімін алған деген күдікке ілінген. 

Мәсімовтың үйі
Фото: e-qazyna.kz

Екі қабатты үйдің жалпы ауданы – 2877,7 шаршы метр. Құны – 1 883 338 958 теңге деп бағаланған. Сонымен қатар әлеуетті сатып алушы 117 960 теңге көлемінде кепілдік жарнасын төлеуі қажет. Аукцион 25 ақпан сағат 10:00-де өтеді.

Мәсімовтің үйі
Фото: e-qazyna.kz

Үйдің жанында әртүрлі көлемдегі бірнеше жер учаскесі бар, олардың біреуінде гараж орналасқан. Үй мүлікпен бірге сатылады. Олардың ішінде жиһаздар, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, коллекциялық монеталар, кәдесый қарулары бар.

Мәсімовтің үйі
Фото: ҰҚК

Естеріңізге сала кетейік, Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады, билікті басып алмақ болды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырылды.