Қарқаралыда құрттың 17 түрі өндіріледі
Қарқаралы қаласында тұратын Сламбек Қинаят тибеттік технологияны қолдана отырып, құрттың 17 түрін жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аcтана, NEGE. Бал мен көптеген жеміс-жидек қосылған құрттың дәмі бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан болар ұлттық тағамға сұраныс артқан. Сламбек Қинаят Алтай тауларынан жинап алған сирек тастарды тәулік бойы сүтке салып қояды. Бұл ақтағы түрлі бактерияларды залалсыздандырып, пайдалы минералдармен байыту үшін керек екен. Ол құртты қаймағы ажыратылмаған сүттен жасайды. Сондықтан тіске жұмсақ. Ал дәмін келтіру үшін бал, жеміс-жидек қосады. Қазір мұнда ұлттық тағамның 17 түрі дайындалады. Ең пайдалысы – ежігей құрт. Ол қайнатылған қатық пен сары ірімшіктің қоспасынан әзірленеді екен. Ақуызға өте бай. Құрамында емдік қасиеті мол өсімдіктер де бар.
Сламбек Қинаят, кәсіпкер:
– Қарасаңыздар, мынау – шөп. Құрт емес, мынау – шөп. Осы шөпті мен пайдаланамын қазір. Бұл – мың да бір ем. Мал азығына пайдаланамын, құрт қайнатар кезде осыны аздап қосып істейміз.
Сламбек тәулігіне шаруашылығынан 500 литр сүт жеткізіп, одан шамамен 50-60 келі құрт жасайды екен. 3 қызы – қолқанаты, ал келіншегі тапсырыс қабылдап, дайын өнімді өткізумен айналысады. Сұраныс өте жоғары.
«Бал құрт деген құрт бар, ерекше, бал қосылған. Соны үнемі аламыз. Өте жақсы, таза. Осы маңайда тұрамыз, көрші боламыз», - деп риза сатып алушылар.
Сламбек Қинаят келешекте сүт өнімдерімен емдейтін шипажай салуды жоспарлап отыр. Бұл бастама жүзеге асса, Қарқаралыға келетін туристердің қатары да арта түсетініне бек сенімді.
Қазір оқып жатыр
Алматы, Шымкент, Түркістан және Ұлытау ЭКСЖ ұлттық жобасы бойынша артта қалды
Бозымбаев: Коммуналдық желілердің тозуын 2029 жылға дейін төмендетуіміз керек
Таразда 19 жастағы қызды алып қашқан Алматы облысының үш тұрғынына үкім шықты
Алматыда полицейлер жүзден астам автобусты айыппұл тұрағына алып кетті