Қарызы көп «ҚазТрансОйл». Ұлттық компанияның таза пайдасы НЕГЕ төмендеп барады?
«ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы биылғы 9 айдың қаржылық нәтижесін жариялады. Шоғырландырған түсімі былтырғыдан 9,8 пайызға артса, бір қызығы, таза пайдасы, керісінше, 4,9 пайызға кем болып шыққан. Мұндай аномалияға не себеп болды?
9 ай ішінде «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының выручкасы 230 миллиард теңгеден асқан. Бұл – жаман емес. Себебі былтырғы осы мерзімде түсім 9,8 пайызға аз болған еді. Алайда «ҚазТрансОйлдың» биылғы табысы былтырғыға жете алмауы мүмкін. Қазіргі көрсеткіші – 31,6 миллиард теңге.
«ҚазТрансОйл» акцияларының 90 пайызы мемлекеттің қолында, ал қалған 10 пайызын Қазақстан халқы, яғни жеке ұсақ инвесторлар ұстап отыр. Дәл осы жеке азаматтар ұлттық компанияның барынша көбірек таза табыс алғанын қалайды. Сол кезде дивидендтен жақсы пайда көрер еді.
-
-
Тақырыпқа орай: Санкцияға рахмет. «ҚазТрансОйл» НЕГЕ қарыздан құтыла бастады?
-
Выручканың жоғары болуы НЕГЕ таза кірісті де арттырмады? Оны анықтау үшін қаржылық есептің ішіне үңілуге тура келеді. Биылғы 9 айда қарызды қайтару шығындары 13 миллиард теңгеге жеткен. Мысалы, ол былтыр 4,8 миллиард теңгені көрсеткен еді. Осы фактор кірістің азаюына алып келді.
«ҚазТрансОйл» 2023 жылы 32,8 миллиард теңге таза кіріс алған болатын. Биыл осы кірістен ол өз акционерлеріне 25 миллиард теңге дивиденд төледі. Оның 22,5 миллиард теңгесі негізгі акционері «ҚазМұнайГазға» (90% акция), ал қалған 2,49 миллиард теңгесі миноритарлы жеке акционерлерге үлестірілді.
Биыл Ұлттық компанияның қарызы 47,4 миллиард теңгеге жетті. Ол қарыздың басым бөлігі Астраханнан Маңғышлаққа магистралды су құбырын тарту үшін алынған болатын. Енді 10 жыл бойы «ҚазТрансОйл» «Халық банкі» мен «Еуразиялық даму банкіне» осы қарызды қайтарып отырмақ.
«ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы құбыр арқылы мұнай тасумен айналысады. Тиісті тариф бойынша тасымалданған мұнай тоннасына тиісті ақысын алып отырады. Компания Қазақстан аумағындағы Кенқияқ-Атырау, Кенқияқ-Құмкөл, Атасу-Алашанқай сынды транзиттік магистралды мұнай құбырларына иелік етеді.