USD
USD
USD

Қарин, Бектенов, Балаева: үш тағайындаудың астарында не жатыр?

Биылғы жаз еліміз үшін саяси интрига мен қызу талқыға толы болды. Жаңарған парламент – Құрылтайға кімдер өтеді дегеннен бастап, қайта жаңғырған вице-президенттік лауазымды кім иеленеді деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүрген еді.

Қарин, Бектенов, Балаева
Фото: NEGE

Астана, NEGE. Бұл қызу интриганың нүктесі күні кеше қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынып, құрылтайдың 141 депутаты бұл шешімді бірауыздан қолдады. Ал министрлер кабинетін басқару қайтадан Олжас Бектеновке бұйырды.

Ең күтпеген тағайындау Аида Балаеваға қатысты болды. Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – ақпарат және мәдениет министрі қызметін атқарған, саяси салмағы ауыр әйелдердің бірі Балаева бұл жолы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Президенттің бұл кадрлық қадамдары саяси орта мен қоғам арасында қызу талқыға түскені жасырын емес. Ерлан Қариннің жаңа мәртебесі, Бектеновтің қайта тағайындалуы және Балаеваның Қауіпсіздік Кеңесіне өтуі – жай ғана ауыс-түйіс емес, біртұтас саяси логикаға құрылған қадамдай.

Бұл шешімдердің астарында не жатыр? Мемлекеттік басқару жүйесі қай бағытқа қарай бет бұрды? Осы және басқа да сауалдардың жауабын саясаттанушы Шыңғыс Ергөбектен сұрадық.

Ерлан Қарин
Ақорда

Қариннің тағайындалуы: саяси заңдылық па?

Отыз жылдан кейін қайта жаңғырған вице-президент лауазымына қатысты сарапшылар мен қоғам арасында түрлі болжам айтылған еді. Кейбірі бұл орынға саяси тәжірибесі мол Сенаттың соңғы спикері Мәулен Әшімбаев келеді десе, енді бірі Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты көргісі келді. Әрине, Ерлан Қариннің кандидатурасы да ықтимал нұсқалардың қатарында болған.

Соңында Мемлекет басшысының таңдауы ішкі саясаттың негізгі архитекторларының бірі – Ерлан Қаринге түсті. Саясаттанушы Шыңғыс Ергөбектің пікірінше, Президенттің бұл шешімін саяси заңдылық ретінде қабылдаған жөн. Себебі Қарин – ішкі саяси бағытты қалыптастырып қана қоймай, билік тармақтары мен мемлекеттік органдар арасындағы жаңа институционалдық архитектураны құруға тікелей қатысқан тұлға.

«Қариннің вице-президент болып тағайындалуы – саяси заңдылық. Билік архитектурасы көп жағдайда сол құрылымды ары қарай жалғастырушы тұлғаның оны қадағалау мүмкіндігін де қарастырады. Бұл – жобаның әрі қарай дамуына, өміршеңдігіне ықпал ететін бірден-бір фактор. Екінші жағынан алғанда, қазіргі вице-президенттің миссиясы – Президент атынан өкілдік етіп, билік тармақтарының арасындағы қатынастар мен ішкі саясаттағы позицияларды айқындау», – деді сарапшы.

Шыңғыс Ергөбектің айтуынша, Ерлан Қарин өзін идеология саласындағы білікті мамандардың бірі ретінде дәлелдеген. Сондықтан идеологиялық және ішкі саяси процестердің бел ортасында жүрген тұлғаға сенім білдіру – саяси логикаға толықтай сай келеді.

«Конституция бойынша, вице-президенттің институты – ішкі саясатқа жауап беретін және оның жүзеге асырылуын қадағалайтын орган ретінде қалыптасады. Ішкі саясатқа ықпал ететін түрлі органдардың қызметтерін өзара үйлестіре отырып, оның негізгі бағыттарының жүзеге асырылуын қадағалайды. Бұл, әрине, Мемлекет басшысының ішкі-сыртқы саясатты айқындайтын ең жоғарғы лауазымды тұлға ретіндегі миссиясы мен қызметін шектемейді. Керісінше, президенттік институтты нығайтып, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын реттейтін маңызды үйлестіруші құрылымға айналады»,– деді саясаттанушы.

Олжас Бектенов
Үкіметтің баспасөз қызметі

Бектенов неге қызметінде қалды?

Министрлер кабинетінің жұмысына көңілі толмайтындар болса да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы биліктің басшысын ауыстыруға асықпады. Саясаттанушы Шыңғыс Ергөбектің айтуынша, бұл – Ақорданың нақты прагматикалық есебіне негізделген болуы мүмкін. Оған қоса, сыни пікірлерге қарамастан, жас премьер Мемлекет басшысының оң бағасын алып үлгерген.

«Мемлекет басшысы өзінің берген сұхбатында оның қызметіне айтарлықтай жоғары баға берген болатын. Бұл кадрлық сабақтастықты да, оң бағаны да қамтамасыз еткен бірден-бір фактор болды деп есептеймін», – деді маман.

Олжас Бектеновтің премьер-министр қызметінде қалуын кей сарапшылар «басқару тұрақтылығын сақтау» және «басталған реформаларды аяғына жеткізуге берілген уақыт» деп бағалайды.Сарапшы бұл пікірмен толық келіседі. Оның сөзінше, Бектенов премьерлік қызметінде тұрақтылығымен және экономикалық икемділігімен таныла білді.

«Олжас Бектеновтің Үкіметтегі экономикалық блогы өзінің ашықтығымен, позициясын түсіндіре алуымен және шынайылықпен ерекшеленеді. Сондықтан Бектеновтің өзінің тиімділігін дәлелдеу мүмкіндігі әлі алда. Министрлер кабинеті жобаларының да аяқталу кезеңі күтілуде. Бұл Үкіметке баға қояр кез бізді алда күтіп тұр. Сондықтан реформаның орта шегінде немесе соңына дейін жетпей жатып өзгеріске ұшырауы екіталай. Соның ішінде салық реформасы, басқа да маңызды экономикалық өзгерістер бар. Бұлардың нақты нәтижесін біз жаңа жылға қарай, яғни қыста немесе келесі жылдың басында сезетін боламыз», – деді ол.

Саясаттанушының пайымынша, Үкімет айтылған сынға ашық әрі негізді жауап берген. Ал премьер-министрге өзінің тиімділігін толық дәлелдеуге әлі де мүмкіндік бар.

Аида Балаева
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Балаеваның тосын тағайындалуы нені аңғартады?

Кадрлық қайта құрудағы ең сенсациялық шешімдердің бірі – Аида Балаеваның Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалуы болды. Мәдениет пен идеология саласының маманын күштік әрі стратегиялық құрылымға ауыстыру алғашқыда көпшілік үшін тосын әрі қисынсыз көрінгені де рас. Дегенмен, бұл қадам Ақорданың ұлттық қауіпсіздік концепциясына деген көзқарасының түбегейлі өзгергенін аңғартуы да мүмкін.

Мемлекет тарихы институтының ғалымы Еркебұлан Жұмашев «Ашық алаң» бағдарламасында бұл тағайындаудың астарын түсіндірген болатын. Оның айтуынша, қазіргі саясаттануда біздің аймақта жиі айтыла бермейтін «онтологиялық қауіпсіздік» деген ұғым бар. Бұл – мемлекеттің тек физикалық шекарасын емес, қоғамның өзіндік идентификациялық тұтастығын, моральдық-болмыстық діңгегін рухани-мәдени қатерлерден қорғауды білдіреді. Бағдарламада ғалым Балаеваның ақпараттық-қоғамдық саладан Қауіпсіздік Кеңесіне келуін мемлекеттің дәл осы ұлттық болмыс пен ментальды қауіпсіздікті бірінші орынға қоюымен байланыстырды.

Осы орайда, саясаттанушы Шыңғыс Ергөбек те бұл қадамды жай ғана аппараттық ауыс-түйіс емес, заманауи геосаяси шындық пен гибридті қатерлердің алдын алу шарасы деп есептейді.

«Қауіпсіздік мәселесі тек құқық қорғау немесе қорғаныс органдарымен шектелмейді. Сондықтан Қауіпсіздік кеңесінде талқыланатын экономикалық, әлеуметтік даму, сондай-ақ идеологиялық және ақпараттық қауіпсіздік секілді мәселелер алдыңғы қатарға шығып отыр. Бүгінгі күні ашық агрессияға қарағанда гибридті қақтығыстар, гибридті қауіпсіздік жүйелері мен мүдделер қақтығысы жиі көзге түседі. Бұл мағынада Аида Балаева Қауіпсіздік кеңесінде де өзін нақты көрсете алатындығында шүбә жоқ», – деді Шыңғыс Ергөбек.

Сарапшының сөзінше, бұл қызметте Аида Балаева екі миссия арқаламақ.

«Қауіпсіздік кеңесі аппаратын бөлек орган ретінде қайта қалыптастыру, ұйымдастыру қызметі Аида Балаеваға жүктелген. Демек, мұнда екі миссия бар. Біріншіден, аппаратты қайта құру және оны жаңа миссияға сәйкестендіру. Екіншісі, сол жаңа бағытты айқындау және дамыту бойынша жұмыстарды қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан, Аида Балаева – өте икемді кандидат», – деді ол.

Жалпы айтқанда, маман бұл тағайындауды мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік концепциясын тек қорғаныс пен күштік блоктан әлеуметтік, идеологиялық және ақпараттық салаға қарай кеңейту деп бағалады.

Үш тағайындаудың астарында қандай саяси логика жатыр?

Саясаттанушының айтуынша, бұл тағайындауларды жай ғана Президент вертикалін күшейту деп бағалау үстірт түсінік. Мұндағы басты мақсат – институционалдық тұрғыдан мемлекеттік органдардың рөлін нақтылау.

«Институционалды тұрғыдан әртүрлі органдар мен институттарды нығайтқан сайын, Президенттік институт та өзінің нақты орнына ие болады», – деді сарапшы.

Жалпы алғанда, үш тағайындауды біртұтас кадрлық саясаттың көрінісі ретінде қарастырсақ, бұл шешімдердің астарында Тоқаевтың жаңа саяси кезеңдегі билік моделін айқындау стратегиясы жатқанын байқаймыз. Сарапшы айтқандай, Ерлан Қарин мен Аида Балаева сияқты ақпарат, идеология, мәдениет пен ішкі тұрақтылық саласының мамандары идеологиялық архитектураны қалыптастырса, Олжас Бектеновтің Үкіметі экономикалық саясатты тұрақты жүргізіп, осы бағдарламаларды жүзеге асырушы негізгі атқарушы орган ретінде жұмысын жалғастырмақ. Ал олардың тиімділігін алдағы уақытта көретін боламыз.

Қазір оқып жатыр

Алты адам қаза тапқан Aqtogai Milk-тегі қайғылы жайтты тексеру қорытындысы жарияланды

Aqtogai Milk

Болат Өтемұратов Монакодағы ең қымбат аудандардың біріне инвестиция құйған

Болат Өтемұратов

Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға дайын – Тоқаев

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы

ERG Қазақстандағы үш еншілес компаниясын тарату жұмыстарын бастап кетті

ERG