USD
USD
USD

Қарашадағы жиналыс. «Алтыналмас» НЕГЕ дайындалып жатыр?

Еліміздегі ірі алтын өндіруші компания – «АК Алтыналмас» алтыншы қарашаға акционерлердің кезектен тыс жиналысын шақырды. Онда акционерлер компанияға қатысты ірі мәмілені мақұлдау мәселесін қарайды. Компанияны сату алдында мажоритарлы акционерлер – Владимир Ким, Эдуард Огай мен Владимир Жұманбаевтардың қандай ірі мәмілені іске асыратыны әзірге жұмбақ болып тұр.

Almas
Фото: NEGE

«АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы биылғы алты айда 250,5 миллиард теңге таза пайда тапқан. Сонымен қатар қордаланған кірістен акционерлеріне 254,1 миллиард теңге дивиденд төледі. Осы корпоративтік қозғалыс «Алтыналмастың» жаңа инвесторға сатылуы жөніндегі келісіммен қатар жүріп жатыр.

19 наурызда Шахмұрат Мүтәліптің «Central Asia Resources Holding Ltd» компаниясы алтын өндірушінің 100 пайыз акциясын сатып алу туралы шартқа қол қойғанын растаған болатын. Бірақ осы мәміле әлі толық жабылған жоқ. Қазақстан қор биржасының 1 қазандағы «АК Алтыналмас» АҚ акционерлер реестрінде Gouden Reserves B.V. үлесі – 54,33%, Владимир Жұманбаев үлесі – 18,52% деп көрсетілген. Біздің ақпаратымызға сай, Gouden Reserves B.V. компаниясының артында Владимир Ким мен Эдуард Огай тұр.

Акционер
Фото: Kase.kz

Биылғы жарты жылда «Алтыналмас» выручкасы 454,1 миллиард теңгеге жетті. Таза кіріс былтырғымен салыстырғанда 65 пайызға артып, 250,5 миллиард теңгені құрады.

Өсім тек сатылған еншілес кәсіпорындардың есебінен келген жоқ. Жалғасып жатқан қызметтен түскен таза пайда 239,3 миллиард теңге болса, тоқтатылған қызметтің үлесіне 11,2 миллиард теңге тиесілі.

Операциялық пайда да 155,1 миллиардтан 242,6 миллиард теңгеге көтерілген. Демек, негізгі бизнестің табыс әкелу қабілеті жоғары болып тұр.

Ең қызық цифр пайдада емес, дивидендте. Алғашқы алты айда акционерлерге нақты төленген ақша 254,1 миллиард теңгеге жеткен. Былтыр осы кезеңде 84,3 миллиард теңге төленген еді. Яғни дивидендтің ақшалай төлемі үш еседен астам ұлғайған. Демек акционерлер сату алдында компания капиталынан көбірек дивиденд шығарып алуда.

алтын
Фото: NEGE

«АК Алтыналмас» АҚ директорлар кеңесі өткен айда қазіргі басқарма мүшелерін 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін қызметінде қалдыруға шешім қабылдаған. Қазіргі акционерлер қойған басқарма жыл аяғына дейін қалады десек, «Алтыналмас» Шахмұрат Мүтәліптің қолына тек келесі жылы өтеді деп топшылауға болады.

Биылғы жыл алтын өндіруші алпауыт үшін өте берекелі болғалы тұр. Тек оның қызығын ескі қожайындар көре ме, әлде жаңа қожайын көре ме – әңгіме сонда.

Қазір оқып жатыр

Отбасы банк қарызды өтеу үшін несие беруді уақытша тоқтатты

Отбасы банк

Қырғызстанның бұрынғы президентінің ұлы 4 жылға сотталды

Қадырбек Атамбаев

«30 доллардан басталады»: мамандар киберқылмыс қызметінің бағасын анықтады

хакер

Астанада тұрақта тұрған тағы бір көлік өртке оранды

Өртке оранған көлік