Карантин кезінде әкімдіктегілер қалай жұмыс істеп жатыр?

Елімізде қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты карантин жарияланып, көптеген мемлекеттік мекемелердің жұмыс режимі өзгерді. Қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтау үшін жасалып жатқан шаралардың бірі мамандардың 80%-ын қашықтықтан жұмыс істеуге жіберу.
Бұл, біріншіден, аталған індеттің өршуіне тосқауыл қою болса, екіншіден, азаматтардың денсаулығын қадағалау. Елдегі ахуалға байланысты облыс әкімдіктері де қашықтықтан жұмыс істеу режиміне өтіп, крантиндік шараларды сақтап жатқаны мәлім.
Карантиндік режимде әкімдіктер қалай жұмыс істеп жатыр? Қызметкерлер арасында коронавирус жұқтырғандар бар ма? Сақтық шаралары қалай жүргізілуде? Осы және өзге де сұрақтар бойынша Nege.kz порталы еліміздің 14 облысы мен ірі мегаполистер әкімдіктеріне ресми сауал жолдаған болатын.
Өкінішке қарай, 14 шілдеде жолдаған сұрауымызға кейбір әкімдіктер әлі де жауап берген жоқ. Мүмкін карантиндік режимді толық сақтау үшін жұмыс істеулерін тоқтатқан болар? Дегенмен, бізге Солтүстік Қазақстан облысынан, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан редакциямызға ресми жауап келді.
Қызылорда мен Қостанай облысының әкімдігі «Электронды пошта өтініш берудің ресми каналы емес. Сондықтан өтінішіңізді хаттың түпнұсқасы және қолы немесе электронды үкімет порталы арқылы жолдаңыз» деп қайтарды. Бұл екі облыс әкімдіктері өз шаруаларын қиындатып алғанымен қоймай, журналистердің де жұмысын күрделендіріп жібергенін көп кешікпей түсінер деп ойлаймыз.
Сонымен, өңір әкімдіктері не дейді? Ресми жауаптың ізімен жеке-жеке сипаттап өтейік.
Нұр-Сұлтан қаласында профилактикалық шаралар күшейтілген
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, қызметкерлердің 80%-ы қашықтан жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қызметтерді ұсыну онлайн форматқа көшкен. Елорда әкімдігінің қызметкерлері белгіленген тәртіпке бағынып, санитарлық гигиена мен ара қашықтықты сақтап, медициналық бетперде тағып жүруді күнделікті қалыпты жағдайға айналдырған.
«Бүгінге дейін әкім аппаратының қызметкерлері арасынан вирус жұқтырғандар анықталған жоқ. Әкімнен және оның орынбасарларынан денсаулық жағдайларына байланысты еш шағым түскен жоқ. Штаттық режимде жұмыстарын атқарып жатыр», – делінген ресми жауапта.
«Індетпен күреске қала бюджетінен қанша қаржы бөлінді?» деген сауалымыз жауапсыз қалды. Дегенмен, астананың ауруханалары мен емханаларында қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті екенін мәлімдеді.
«Қаладағы дәріханаларды жеке гигиена құралдарымен, медициналыық бетперделермен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселе әкімдіктің бақылауында», – деп жауап берді әкімнің орынбасары А.Ахмеджанов.
Шымкент әкімдігі 15 наурыздан бастап індетке қарсы шараларды ұйымдастырған
«Ғимарттың кіре берісінде дезинфекциялық бұрқақты туннель орнатылған және карантин режимін сақтау мақсатында ғимаратқа қызметкерлерден басқа бөгде азаматтардың кіруіне тиым салынған. Ғимараттың ішкі аумағында 18 дана диспансерлі антисептик құралдары орнатылған», – делінген ресми жауапта.
Әкімдік ішіндегі тиісті орындар мен бөлмелер апта сайын дезинфекциялаудан және әр екі сағатта хлорлы таблеткалармен жуылып отырады екен.
«Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлері мен қала басшысының орынбасарлары арасында пневмонияға қарсы ем қабылдап шыққан азаматтар бар, ал қауіпті вирустық індетті жұқтырған азаматтар тіркелмеген», – деп жауап берді.
Қазіргі таңда қала басшылығы мен орынбасарлары штаттық режимде жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді. Айтуларынша, «Covid-19» коронавирустық инфекциясын алдын алу, сақтандыру шараларын жүргізу және таралуына жол бермеу мақсатында қала бюджетінің шұғыл шығындарға арналған резервінен жалпы 2 277 416 теңге қаржы қарастырылған.
Оның ішінде:
– Жеке қорғану құралдарына (көп қолданылатын бетперделер, қорғаныш костюмдер, байланыссыз термометр, резеңке қолғаптар мен антисептиктерді сатып алуға) 310 847 теңге;
– блок бекеттердегі полиция, медицина қызметкерлерін және Сall-орталықтың қызметкерлерін тамақпен қамтамсыз етуге 77 518 теңге.
– қала көшелерін, аялдамаларды, саябақтарды, Шымкент теміржол вокзалын және қалалық автобустар мен шағын автобустарға дезинфекциялық жұмыстарын жүргізуге 236 266 теңге.
– медицина қызметкерлерін жеке ғимаратқа (қонақ үй) орналастыру, көлікпен тасымалдау (жұмысқа бару және келу), медициналық құрал-жабдықтар, дәрілік заттар сатып алуға және оттегі станциясын орнатуға 1 647 850 теңге;
– 100 шақырылған әскери міндеттілердің қызмет ақысына 4 935 теңге жұмсалған.
«Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы №193-IV Кодексінің, 86-1 бабының 1-тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасында тіркелген және айналыста болатын дәрілік заттардың бағаларын мемлекеттік реттеу уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттардың бағаларын реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылуда», – делінген ресми жауапта.
Денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық медицина қызметкерлері жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген.
Солтүстік Қазақстан әкімдігінің аппаратында 2 адам коронавирустық инфекциямен науқастанған
Әкімнің аппаратында «Қазақстан Республикасының тұрғындары арасында коронавирустық инфекциямен науқастанудың алдын алу бойынша шараларды одан әрі күшейту туралы» Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 25 маусымдағы №43 қаулысының 1-қосымшасына сәйкес, әлеуметтік қашықтық және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим сақталған. Қызметкерлердің 80% қашықтан жұмыс істеп жатыр.
Айтуларынша, әкімнің аппаратында қызметкерлер арасында коронавирустық инфекциямен науқастанудың 2 жағдайы тіркелген. Облыс әкімі мен оның орынбасарларының денсаулық жағдайлары жақсы екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда барлығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, коронавирустық инфекциямен күреске жергілікті бюджеттен резервті қоса алғанда – 678, 1 млн теңге қаражат бөлінген. Петропавл қаласы бүгінгі күні дәрілік заттармен және маскалармен толық көлемде қамтамсыз етілген.
Біз жолдаған сауалдардың ресми жауабы осындай болды. Хатымызға жауап бермеген өңір әкімдіктерінен әлі де жауап күтеміз.