«Не істедің?» – Қайраттың жаңа кавері НЕГЕ жұртқа жақпай қалды?
Шоу-бизнестің ың-шыңсыз күні болған емес. Бірі хитке ұмтылса, бірі хейттің астында қалып жатады. Тілшіміз солардың бірқатарын тізбектеп көрді.
Желтоқсанның басында жеке дара продюсерлік жобасын таныстыруды жоспарлап отырған Рүстем Жаныаманов атышулы Мұрат Әбділдамен бірлесе трек жазды. Сиясы кеппеген туынды жуырда тұсауы кесілетін фильмнің атына сәйкес – «Сен маған керексің» деп аталады. Мұны естіген жұрт әннің аталған фильмге саундтрек боларын болжауда.
Рүстемнің жаңа ән жайлы жариялаған бейнежазбасынан тректі Мұраттан өзге, жұбайы Жанаргүл Жаныаманова да бірлесе орындағанын көруге болады. Бейнебаянның үзіндісін көрген желідегі жұрт «Өтті», «Мұраттың бағы жанатын болды-ау», «Рүстем алтын ғой, қазақты қазақ жақтамаса, басқа кім көтереді», «Мұрат Әбділдә енді дұрыс қолға түседі деп ойлаймын» деп пікір білдірді.
Заттыбек Көпбосынов Шымкенттегі қымбат мейрамханалардың бірінде 50 жас мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Мерейтойға Алматыдағы әнші біткен ағылды. Қуанышты көзімен көргендер құдды бір концерт болғанын айтуда.
Айтулы кешке Жанар Айжанова тосынсый жасап барды. Дәл той күні шырайлы қалаға той жүргізуге барған ол Заттыбек замандасын құттықтап шығуды жөн көрсе керек, мейрамхана төрінен төбе көрсеткенде той иесі аңтарылып қалды.
«Қашып келдім» деп, асыға-аптыға микрофонды қолына алған Ж.Айжанова: «Әртістердің ішінде қаралар азбыз, соның ішінде өзі қара болса да жүрегі аппақ Заттыбектің біреуге запыранын шашып сөйлеп жатқанын көрген жоқпын. Отбасылы ер азаматтардың ішінде үлгі тұтып, жанымдай жақсы көретін бауырымды шын жүректен құттықтаймын!», – деп ағынан жарылды.
Қайрат Нұртас Әзербайжан әншісі Роза Зергерлінің хитке аналған «Istedim» әніне кавер жасады. Хитмен әнді «Не істедің?» деп тәржімалай шырқаған. Туындының үзіндісін желідегі парақшасына жүктегені сол еді, әнші түрлі пікір астында қалды. Тіпті оны «Мына ән түрікше еді ғой, не істедің?!» деп келеке жасағандар да табылды.
Ал Қайраттың өнердегі ағасы Сәкен Майғазиев болса «Төуһ» деп таңданыс білдірді. Сондай-ақ Қайратқа өзге ұлттың әніне жиендік жасамай, жанынан шыққан қазақша туындыларды ғана шырқауға кеңес бергендер бар.
Жақында некесіз қызына үй мен көлік сыйлаған блогер Дархан Жолшыбеков некелі жарын да қалыс қалдырмады. Ол жалпақ жұртқа Darikorn лақап атымен таныс жары Дариғаның туған күнін аста-төк етіп жасап берді. Сондай-ақ ол әйеліне құны 150 миллион теңге тұратын көлік тарту етті. Дүбірлі кешке отандық шоу-бизнес өкілдерінен өзге Ресейден танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровты шақырыпты. Дресс-код есебінде ақ түс таңдалған. Оның жеңімпазы туған күнге кешігіп келген Мәдина Сәдуақасова болды.
Ал тәтті десерт есебінде әзірленген торттың құны 20 млн теңгеге шыққан. Оның биіктігі 2 метрге жуықтайды. Ертегідегі сарай бейнеленген балкүлшеге «DARICORN» деген жазба бедерленген.
Дархан өткен жылғы туған күнінде жұбайына 1001 роза гүлі мен құны 6 млн теңге тұратын сағат сыйлап, қуантқан болатын.