Қарағандының қарқыны қатты

2020 жылы Қарағанды облысының 350 дәрігері қоныс тойын тойлайды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, Қарағанды облысы 700 млрд теңге инвестиция тартып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Өңір басшысының айтуынша, облыс басшылығы Қазақстан ипотекалық компаниясымен Қарағанды қаласындағы 200 дәрігерге үй беру туралы мәмілеге қол жеткізіпті. Тағы 150 пәтер қалалар мен аудандардағы баспанаға мұқтаж ақ халаттыларды күтіп тұр. Жергілікті әкімдік дәрігер тапшылығы мәселесін осындай жолмен шешуді көздеп отыр.
Келесі жылы Балқаш қаласында жаңа емхана құрылысы басталса, Теміртау мен Қарағанды қалаларында балаларға арналған оңалту орталықтары ашылмақ.
«Облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-жан сақтау бөлігінің құрылысын бастау, Ұлытау кентінде жаңа аудандық аурухана салу жоспарланған. Облыстық жастардың денсаулық орталығы мен бірқатар ауылдық денсаулық сақтау мекемелері келесі жылы қызмет көрсете бастайды», – деді өңір басшысы.
Қарағанды облысы – биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты пилоттық жобаны жүзеге асырып жатқан өңір. Қысқа уақытта облыста осы жоба аясында құны 3,7 млрд теңгеге тең 30 жоба іске қосылған. Тұрғындарға жақын болсын деген қағидамен 7 емхана жұмыс істеуде, жылына 6 мың науқас қабылдауға қауқарлы 8 оңалту орталықтары халыққа қызмет көрсетеді.
Мемлекет пен жекенің әріптестігінің нәтижесінде дертті жоғары дәлдікпен анықтайтын диагностикаға деген мұқтаждық мәселесі де шешімін тапты. 2017 жылдың басында облыс бойынша бар жоғы 10 компьютерлік және магнитті-резонансты томография кабинеті жұмыс істесе, қазір олардың саны 26-ға жетіпті.
Ал ең бастысы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің көмегімен қарағандылықтар осындай қымбат медициналық қызмет түрлерін тегін алуға қол жеткізген. Бар қажет қаржыны әлеуметтік медициналық қамсыздандыру Қоры мойнына алады.
2020 жылы тұрғын үй құрылысының қарқыны бір жарым есеге ұлғаймақ
Аурухана секілді әлеуметтік нысандар құрылысынан бөлек, Қарағанды облысында келесі жылы тұрғын үй салу қарқыны да ұлғаймақ. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бұл саладағы көрсеткіш бір жарым есеге өсетінін айтты. Өңір басшысы қазіргі нақты әлеуетін ескергендіктен, бұл уәдені де еңсеретініне сенімді секілді. Биылдың өзінде Қарағанды облысында құрылыс қарқыны екі есеге артқан. Пайдалануға берілген нысандардың жалпы аумағы 372,2 мың шаршы метрді құрайды.
2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несиеге, жалға берілетін үйлердің құрылысына, инженерлік коммуникациялар салуға ресупбликалық және жергілікті бюджеттен 12,3 млрд теңге бөлініпті.
«Облыстағы 3,5 мың отбасы баспана мәселесін шешуге қол жеткізді. Оның ішінде 1 008 адам «әлеуметтік» кезекте тұрғандар. Келесі жылы тұрғын үй құрылысын 1,5 есеге - 630,0 мың шаршы метрге өсіруді жоспарлап отырмыз. Алдағы бір жарым жылдың ішінде үй кезегінде тұрған 1 800 көпбалалы отбасына баспанамен қамтамасыз ету ойымызда бар», – деді Жеңіс Қасымбек.
Өңірде сонымен бірге ескі үйлерді жаңалау, күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Соңғы 8 жылда Қарағанды облысында 278 көпқабатты үй жөндеуден өтіп, 93 жаңа жеделсаты орнатылған. Биыл қазынаның қаржысымен тағы 18 тұрғын үй жөндеу көріпті.
Жеңіс Қасымбек таза ауыз су мәселесіне де тоқтала кетті. Облыс бойынша 300 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз жүйесі салынған және жаңартылған. Өңір қалаларында орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 97%-ға, ал ауылдарда 87%-ға жеткен.
Облыс әкімі сонымен бірге салынып жатқан «Сарыарқа» магистральді газ құбырының қызығын көретін күн де алыс емес деді. 2021жылға дейін өңірдегі 1 млн адам газбен қамтамасыз етіледі.
Мұндай ауқымды жұмыстың бәрі қомақты қаржыны талап ететіні даусыз. Қазынаға ғана қарап қалсаң оны жүзеге асыруың екіталай. Бұл ретте Қарағанды облысы биыл инвестиция тарту жағынан да рекорд орнатудан дәмелі. Алдын ала есеп бойныша оның сомасы 700 млрд теңгеден асуы мүмкін. Биыл өңірде бизнесті қолдау шарасының арқасында 32,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Қазір әрбір үшінші қарағандылық шағын және орта бизнесте еңбек етеді.
Облыста қазір 39 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда, оның ішінде шетелдік капиталдың үлесі бар 15 жобаның құны 1 трлн теңгеге жетеді.
Жалпы, өтіп бара жатқан жыл Қарағанды облысы үшін табысты жыл болып тұр. Жалпы құны 110 млрд теңге болатын 8 жаңа өндіріс іске қосылған. Олардың ішінде YDD Corporation ферроқорытпа зауытын, Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинатын, күннен қуат алатын үш бірдей электр стансасы, көтерме-логистикалық орталығын атап өтуге болады. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» демекші, еткен еңбектің нәтижесі сол – екі жылда инвестиция көлемі екі есеге ұлғайған.
Өңір басшылығы 2020 жылға да үлкен үміт артып отыр. Келесі жылы іске қосуды көздеген 13 жаңа өндіріс ошағы тағы 280 млрд теңге инвестиция тартуға және 1 600 адамға жұмыс тауып беруге себін тигізбек.
Облыс әкімі Саран қаласында автобус жасайтын және Қарағандыда лифт құрастыратын өндіріс орындарын ашу туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын да айта кетті.
Шағын және орта бизнеске көрсетілген қолдау да нәтижесін көп күттірмеген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес өндірісінің жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асады деген болжам бар. Аз ба, көп пе? Бұл дегеніңіз, «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» секілді алыптардың қуатын қоса алғандағы шамамен бірдей.
Индустриалды өңірде аграрлық сала да ақсамаған. Ауыл шаруашылығы бағытында 55 инвестжоба жүзеге асқан. 1 850 жаңа жұмыс орны ашылған. Жақын уақытта қарағандылықтар ішкі және сыртқы нарыққа бие, түйе және ешкі сүтінен дайындалған балалар өнімін шығармақшы.
Әділ Ұзақбай