Қарағандылықтар Тамара Дүйсеновадан көмек сұрайды

.
Қарағанды, NEGE Қарағандыдағы атағы дардай «ТД METALON» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жылға жуық жұмыс істесе де, кәсіпорын басшылығы қызметкерлеріне өтемақы төлеуден бас тартқан. Бақсам бақа екен, дегендей сол кәсіпорынның басшылығы алғашында тұрғындарға қомақты жалақы тағайындап, тіпті мүмкіндігі шектеулі жандарды да жұмысқа тартқан. «Бұл мекемеде бір жыл жұмыс істедік. Бірақ соңғы төрт айдың жалақысын ала алмадық. Ылғи келесі апта береміз деп құтылып кетеді. Әуелгіде Қарағандының әкімдігіне айтып көрдік. Бірақ олар бізге пысқырып та қарамады. Сондықтан министрге үндеу жолдауға мәжбүрміз», – дейді Сәбит есімді азамат.
Еңбек кодексі мен елімізде соңғы кезде енгізілген еңбек жөніндегі өзге де заңдық құқықтық талаптар бойынша өндірістік кәсіпорындарда жұмысшыларға төленетін жалақы мөлшері инфляция деңгейінен кем болмауға тиіс. Бірақ заңды белшесінен басқан басшылық қоластындағы жұмысшылармен еңбек шартына отырмаған.
Жыл сайын 500-1000 доллар пайда табатын кәсіпорын
Өңірдегі жолдарды жарықтандыру, қала ішіндегі прожектор шамдарын орналастумен және жөндеу жұмыстарымен айналысқан компанияның артында бір дөкейдің тұрғаны анық. Осы турасында аз-кем журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Ашық дереккөздерде аталмыш кәсіпорынның директоры Аубакиров Булат Манарбекович деп көрсетілген. Бірақ жұмысшылар ол адамды танымайтындықтарын айтып, бастықтары Жасұлан Аубакиров есімді азамат екенін айтты. «Жасұлан бізге өз еркілерінмен жұмыстан шығыңдар. Біз сендерге келесі апта өтемақы төлейміз. Компания бонкротқа ұшырады», – деді. Бірақ артынша сөздерінен тайқып, ешқандай өтемақы төлемеген. Тіпті жұмысшылардың еңбек кітапшаларын да тартып алып бермей отырған көрінеді. Ашық дерек көздердегі мәліметтерге сүйенсек, аталмыш компания бір жылда 500-1000 доллар пайда көреді екен-мыс.
2020 жылы құрылған «ТД METALON»-ның ғұмыры неліктен қысқа болғандығы да түсініксіз. Себебі, кәсіпорынның ресми парақшасында ол туралы мүлде ақпарат жазылмаған. Мән-жайды білмек болып, компания директорының атқарушы орынбасары Жасұлан Аубкировқа қоңырау шалып көрдік. «Біз алты айдан бері жұмыс істемейміз. Жұмысшылардың ақшасын толық төленді» деп селсоқ сөйлесіп тұтқаны қоя салды.
Кез келген өндіріс орнының басты тұтқасы әрі басты тірегі – қарапайым жұмысшылар. Еңбекақыға қарыздар кәсіпорынның алдағы жұмыстарын қатаң қадағалайтын боламыз.