Қарағандыда жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, екі адам мерт болды

Қарағандыда кәріз құбырларын ауыстыру кезінде қайғылы оқиға тіркелді. Жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, екі жұмысшы көз жұмды.
Алматы, NEGE. Оқиға 1 қазан күні Шахтёрлер даңғылында болған. Полиция департаментінің мәліметінше, опырылған топырақ астында мердігер компанияның қызметкерлері қалған. Өкінішке қарай, олардың екеуі де оқиға орнында жан тапсырған.
— Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиға» бабымен қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаменті.
«Қарағанды Су» ЖШС-сі оқиғаның болғанын растады, мердігер компания қаза тапқандардың жерлеу рәсімін толықтай өз есебінен өткізетінін мәлімдеді.
— Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр. Біз марқұмдардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз, — делінген кәсіпорынның ресми түсініктемесінде.
Қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған мердігер ұйым «НС Система» ЖШС өкілдері де ақпарат берді.
— Алдын ала деректер бойынша, оқиға салдарынан екі адам қаза болды. Олардың аты-жөндерін тексеру барысында «НС Система» ЖШС қызметкерлері еместігі анықталды. Қазіргі таңда бізде өзге ақпарат жоқ, ішкі тексеріс жүріп жатыр. Тергеу органдарының жұмысына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бұл – марқұмдардың отбасылары үшін орны толмас қасірет. Біз жақындарына терең қайғырып, көңіл айтамыз. Жерлеу рәсімін ұйымдастыру шығындарын компания өз мойнына алады, — деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.