Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған ер адам екі айға қамауға алынды
Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққаны үшін ұсталған Нұрболат Дәкебаев екі айға қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы, NEGE. Тергеу соты прокурордың күдіктіні сырттай қамауға алу туралы санкциясын қаңтар айының соңында қанағаттандырғаны белгілі болды.
"28 қаңтарда сот сырттай Нұрболат Дәкебаевты екі айға қамау туралы бұлтартпау шарасын тағайындады. Ол үкімге қарсы шағым түсірген жоқ", - деп хабарлады сот.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерін балағаттап, соққыға жыққан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. Видео телеграм арналардың бірінде тараған. Роликте ер адам жедел жәрдем жүргізушісін балағаттап, артынша соққыға жыққанын көруге болады.
Артынша соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Зардап шеккен Төреғали Берікқалиұлы Мақажанов атындағы облыстық аурухананың неврология бөлімінде жатыр. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушінің жағдайы әлі де орташа ауыр.
Оның бас миы шайқалған, мұрын сүйектері сынған, кеуде қуысын және беттің жұмсақ тіндерін ауыртып алған.
Жәбірленуші өзін жайсыз сезінсе де, оқиғаның егжей-тегжейін айтып беруді жөн көріп, жанжалдың неден шыққаны туралы видео түсірген. Оның сөзінше, бейтаныс ер адамға жедел жәрдем көлігінің көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі алдында тұрғаны ұнамай қалған, бұл жерге дәрігерлер бригадасы шақырту бойынша келген.
"Кәдімгі жұмыс күні болатын. Түнде шамамен сағат 23:57-де 2-квартал, 30 бойынша қоңырау түсті. Біздің фельдшерлер шақырту бойынша жедел жетіп, бір жасар бала ауырып жатқандықтан үйге тез кіріп кетті. 4-5 минуттан кейін аға фельдшер шықты, ол планшетке шақырту бойынша мәліметтерді толтыра бастады. Бірнеше минуттан кейін көлік қатты теңселіп кетті, мен бүйірдегі айнаға қарадым, онда ешкім болмады. Сол жақтан қолында тумбочкасы бар жас жігітті байқадым. Ол боқтап жатыр. Оған мән бермедім, ал ол менің тереземе келіп балағаттай бастады. Мен оған шақырту бойынша келгенімді түсіндіріп көрдім. Ол әрі қарай кетіп қалды", - деді Төреғали Берікқалиұлы.
Алайда бейтаныс адам көп ұзамай қайтып келген. Ол қайтадан боқтық сөздер айта бастаған, содан кейін жүргізуші көліктен түскен, ал фельдшер оқиғаны видеоға түсіре бастаған.
Кейінірек күдікті Нұрболат Дәкебаевқа іздеу жарияланған еді. Қаладағы барлық сауда нысанына ер адамның суреттері ілінген.
1 ақпанда күдікті ұсталды. Кейінірек оның ұсталған сәті түсірілген видео тарады.
Артынша жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы үндеу жасады. Ол өзін "хайп" ұстап кетті дегендерге жауап берді және өзін ұрған ер адамды сотқа беру ниеті жоқ екенін, кешіруге де дайын екенін айтты.